• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Билесе, «Ақ кербез» билесін

256 рет
көрсетілді

Биді билесе Үнді елінің ұл-қыздары билесін... Кез келген киносында күліп тұрса да, жылап тұрса да мың бұралып жұртты үйіріп ала жөнеледі. Әйтеуір, осынау ыстық елдің биге деген ықыласы, құрметі тым ерекше. Кезінде «Биле, биле» деген кино шығарып, жастарды жаппай билетіп жіберген де осы ел ғой. Ендеше, биден бәйге бермейтін Үндістанға барып біздің ұл-қыздар өнерімен таңғалдыра алуы мүмкін бе? Мүмкін екен. Нағыз таланттар қайда жүрсе де топ жарады ғой. Жамбыл облысындағы «Ақ кербез» ансамблінің 8 бишісі жақында Үндістанның Нью-Дели, Ченнай, Калькутта, Гувахати, Шиллонг және Порт-Блэр қалаларында өнер көрсетіп қайтты. – Ол жақтағы жұрт би өнеріне шынында өте қатты мән береді екен, – дейді ансамбльдің хореографы Айжан Қонарбаева. – Әйтеуір, қайда барсаң да зал, алаң толы көрер­мен. Алты би биледік. Әр бидің арасында Қазақстан туралы, қазақтардың салт-дәстүрі туралы роликтер көрсетіліп тұрды. Порт-Блэр қаласына барғанымызда ұйымдастырушылар лэд-экран таппай, концерт екі сағатқа кешігіп басталды. Бірақ бірде-бір көрермен қолын сілтеп кетіп қалған жоқ. Қорытынды концертіміз Нью-Дели қала­сында өтті. Бізбен бірге басқа да шет мемлекеттерден және Үндістанның өзінен келген бірқатар би ұжымдары өнер­лерін көрсетті. Қазақтың би өнерін мойындағаны болар қорытынды концертті қазақ бишілері ашты. Оларға, әсіресе, «Қаражорға» биі мен ұлттық киімдеріміз қатты ұнады. Әрине, «Ақ кербез» шағын ғана өнер ұжымы ғой. Бірақ жат жерде қазақтың жақсы атын әйгілеп, өнерін мойындатып, алғысын алған осынау ұл-қыздардан айналып кетпейсің бе! Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»