• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Күйік шалған бала аман қалды

252 рет
көрсетілді

Бұл хабарды осыдан екі ай бұрын естіген болатынбыз. Сол күннен бас­тап ойын баласының тағдырына алаңдап жүре­тінбіз. Мәселе былай бол­ған. Өткен жылдың 30 қа­ра­шасында Атбасар қала­сындағы 3 жасар сәби облыстық балалар аурухана­сына өте ауыр халде жеткізілген еді. Үстіне қайнап тұрған бір тегене сорпаны төгіп алған Нұртас Қозыбекұлының денесі 80 пайыз күйікке шалдыққан екен.  Дәрігерлер өлім аузындағы баланы ажалдан арашалап қалу үшін барын салды. Кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі мол ақ халатты абзал жандар қиялға сыймас ерлік жасады. Баланың денесіне теріні алмастырып салуға байланысты оннан астам пластикалық ота жасалды. Соның нәтижесінде, кішкентай баланың өмірін сақтап қалды. Емдеуші дәрігер Петр Редкозубовтың айтуынша, қазір Нұртастың жағдайы бірқалыпты, кешенді оңалту шаралары оң нәтижесін беруде. Ол жақын күндері үйіне шығатын болады. Біз Нұртастың анасы Ырыс­гүлмен аурухана ауласында тілдескен едік. – Біз ұлымыздың өмірін сақтап қалған Ақмола облыстық балалар ауруханасының барлық дәрігерлері мен медбикелеріне шын жүректен алғысымызды айтамыз. Көзімізден бұл-бұл ұша жаздаған бақытымыз қайта оралды. Отбасымыз қуаныш құшағында. Дәрігерлердің жанқиярлық ерлік еңбегі, шипалы қолдары мен мейірім-шапағатына дән ризамыз. Олар барша балалардың жарқын болашағын қамтамасыз етушілер ретінде қандай құрметке де лайықты, – дейді бақытты ана. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы