• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Қар құрсауындағы қала

356 рет
көрсетілді

Биыл қар қалың түседі деп кім ойлаған? Өткен жылдары жауған қардың мөлшеріне есептелген техниканың дайындығы көңілден шықпады. Қаңтар айы­нан соң ақпан да ашулы мінез танытып тұр. Шығыстың бет қаратпас үскірік аязы мен қалың қары қаланы да, даланы да әуре-сарсаңға салды. Мамандар биылғы қар бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда әлденеше есе артық түскен дейді. Қазір қалың қардың кесірінен көлік кептелістерінің алдын алу шаралары бірінші кезекке қойылды. Десек те,  қалалық автомобиль жолдары және көлік қатынасы бөлімінің бастығы Юрий Пазына омбы қардың әлегі оңай еместігін жеткізді. Бүгінге дейін үш мердігер мекеменің күшімен қала аумағынан 70 мың текше метр қар шығарылған. Қала ішіндегі жолдарды тазалауға кеткен қаржы айына 60 млн теңгені құрайды. Алайда, жолда кісі бойындай қар әлі үйіліп жатыр. Жеке тұрғын үй секторы да біршама проблема туғызып отыр. Олар ауладағы қарды көшеге үйіп қойғанға үйреніп алған. Бұл өз кезегінде жол бойындағы көлік қатынасына кедергі келтіруде. Осының бәрі көктемде ерісе не болмақ?.. – Жеке секторда үйі бар тұрғындарға ескерткіміз келеді, – дейді Юрий Пазына, – өзара бірлесіп, қарды қаланың сыртына шығаруға тырысыңыздар. Көшеге үйіп тастамаңыздар. «Семейді көгалдандыру және абаттандыру» кәсіпорны 1 текше метріне 2,5 мың теңгеден сіздерге қажетті техника қызметін ұсына алады. Ал мүгедектер мен жағдайы төмен отбасыларға, зейнеткерлерге тегін көмектесеміз. Қар тазалау жұмыстары дұрыс жолға қойылмаса, ақпан айының соңында жергілікті полиция айыппұл салуды бастамақ. Бұл – кәсіпкерлік нысандарға иелік ететін шағын және орта бизнес өкілдеріне де қатысты шешім. Дегенмен, қала тұрғындарының қар тазалау жұмыстарына көңіл­дері толмай отыр. Қалың түскен қар, мұзтайғақ... Әр түн сайын жол тазалауға 30 техника, 100-ге жуық жұмыс күші жұмыл­ды­рылса да, жағдай мәз емес. – Біздің қала үшін 30 техника өте аз, – деді Юрий Пазына, – соңғы бес жыл ішінде қалаға қар тазалайтын техника мүлде алынбаған. Қолданыстағы техни­калардың тозығы жетті. Біз қала әкіміне жаңа техника сатып алу үшін қызметтік хат жаздық. Қарды толық тазалауға қажетті техниканы сатып алуға 500 млн теңге көлемінде қаржы бөлуді сұрап отырмыз. Ал әу баста дұрыс тазар­тыл­маған қар қатып, енді көк­тайғақ мұзға айналды. Жаяу жүргінші де, автокөлік иелері де мезі болып отыр. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист