Атырауда ана мен бала өліміне себепші болған дәрігерлер жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы облыстық мәслихат сессиясында аймақтың бас дәрігері Аманбек Жұмыров баяндады. Өткен жылдың желтоқсан айында Индер ауданының 32 жастағы тұрғыны Гүлдана Жекенова облыс орталығында нәрестесімен бірге қайтыс болған еді. Артында жары мен үш баласы қалды. Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның отбасы мен тума-туыстары ақ халаттылардың үстінен шағымданды. Осы жағдай бойынша тәуелсіз сарапшылар жұмыс жүргізіп, медицина қызметкерлерінің тарапынан кемшіліктер болғанын көрсетті. Бұл мәселемен облыстық ішкі істер департаменті айналысып жатыр.
«Жылыой, Махамбет, Индер аудандарында бес ана өлімі тіркелді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Жұмыров. – Оның екеуі онкологиялық, үш жағдай инфекцияның ауыр түрі салдарынан болды. Қазір аймақтағы гинеколог, реаниматолог мамандар қайта оқытылып, біліктіліктерін көтеріп жатыр».
Жалпы, медицина саласының материалдық-техникалық дамуына өткен жылы 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген еді. Аталған қаржыға жедел жәрдем көліктері жаңартылды. «Кезексіз емхана» жүйесі енгізілді. Дәрігерлік көмек көрсету сапасы жыл сайын жақсарып келе жатқанымен, проблемалық тұстар әлі де бар. Қазірдің өзінде облысқа 111 дәрігер қажет.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ