• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Рақымшылыққа іліккендер жұмыссыз қалмайды

254 рет
көрсетілді

Хакім Абай жұмысы жоқ­тық адам баласын азды­рып жіберетінін айтып кет­ті емес пе?! Еш уақытта ескір­мейтін, мәні мен маңызын жоғалт­пайтын құнды сөз осындай-ақ болар. Бір ойды екінші бір ой қозғайды. Дүниеге періштедей пәк күйінде келген адам ке­йін неге қылмыс жасайды? Оның басты себебінің бірі – жұмыс­сыздық десек ақиқаттан аттамаймыз. Қылмыстың аты – қылмыс. Кім де болса жасаған қылмысының жеңіл, орта және ауыр делінетін түрлеріне қарай тиісті жазасын алмақ. «Бидайдың баратын жері – диірмен» дегендей, қылмыс жасағандардың баратын жері – қылмыстық атқару жүйесі болмақ. Биыл осындай орындарда жазасын өтеп жүргендердің бірқатар бөлігіне рақымшылық жасалды. Бостандыққа шық­қан­нан кейінгі олардың тағ­ды­ры қандай болмақ? Қайта­дан қателікке ұрынып жүр­мей ме? Бір нәрсе айқын. Бас бостандығынан айыру орын­дарынан босатылғандар тиісті жұмыспен қамтылса, бұлайша алаңдауға негіз жоқ. Сондықтан да оның өзекті­лігін терең түйсіне білген Ақтөбе облыстық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасы рақым­шылыққа іліккендерді жұмыспен қамту шараларын белгілеп жүзеге асыруда. Аталған басқарма басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, бұл қатардағы азаматтардың тізімдері Ақтөбе қаласындағы және облыс аудандарындағы жұмыспен қамту орталықтарына жолдан­ған. Көңілге медеу тұтарлық жәйт. Оларға қайта оқыту және жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері ұсынылып отыр екен. Сірә, бәрекелді деген қоштау мен қостау сезімі дәл осындай жағдайда білдірілетін шығар. Нақты деректер биылғы жылы мамандықтарын қайта даярлауға жолданатын 757 адамның арасында рақымшылыққа іліккендер де аз емес екенін көрсетеді. Бұл өзі өте нәзік шетін мәселе деуге болады. Азаматтық тәртіп пен режімнен қол үзіп қалғандар ештеңеге селт етпей, қолын бір-ақ сілтеуі әбден мүмкін. Мұн­дайда олар­мен ортақ мәмілеге келе ал­саңыз жақ­сы, ал егер бұлай болмаған жағ­дайда ізгі ниет бірден аяққа тапталмасы­на кім ке­піл? Әрине, мұндай теріс көрініске жол бер­меудің басты жолы өзара үнқатысу ғой. Мұн­дай диалог, әсіресе, бас бостандығынан айыру орындарынан азап өмірге оралуға әзір­леніп жатқандар үшін өте қажетті екені аян. Осы орайда Ақтөбе аймағында биыл­ғы жылы қылмыстық атқару жүйесі депар­таменті, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мі бірлесіп ұйымдастырған белсенді іс-шаралар кешені нақты нәтиже бере бас­таға­нын айту парыз. Осы орайда азамат­тық өмірге қайтадан аттанғалы отырған­дар­мен сұрақ-жауап үлгісінде өткізілген кез­де­­сулердің пайдасы мол болғаны бай­қалады. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орта­лықтарына осы мәселе бойынша рақым­шылыққа іліккендер мен жазасын толық өтегендер, сондай-ақ, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар тиісті өтініштер білдіруі – алдыңғы пікіріміздің басты дәлелі. Бүгінгі күні аталған санаттағы 172 адам жұмысқа орналастырылыпты. Ал 6 адам қайта даярлауға жіберілген. Тіпті, бос­­тандыққа шыққандардың арасында «Жұмыспен қамтудың-2020» бағдарламасы аясында шағын несие алып, өз кәсібін аш­қандар да бар болып шықты. Қысқасы, қазір өңірде бас бостандығы­нан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған­дар мемлекеттің тигізген шапағатын сезі­ніп отыр дей аламыз. Бүгінгі күні оларға қа­тысты әлеуметтік оңалту бойынша жүр­гізіліп келген жұмыстар одан әрі жалғасуда. Ақтөбе өңірінде рақымшылыққа іліккендер жұмыссыз қалмайды деп нақты тұжырым жасауымыздың басты мәнісі де осында. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ