• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Қызқосбасар

245 рет
көрсетілді

«Егеменде» белгілі өнертанушы Жанғали Жүзбаевтың Арқаның атақты күйшісі Аққыз Ахметқызы туралы «Арқалы Аққыз» атты танымдық мақаласы жарық көрді. Сөз жоқ, мақалада көптеген орынды мәселе көтерілген. Соның бірі,  Аққыздың есімін мәңгілік қалдыру туралы. Әрине, Аққыз есімінің мәңгілігі Қарағандыдан немесе елордадан көше беруге тіреліп тұрған жоқ. Алайда, бұл мына тірі жүрген біздерге сын. Қазақ руханиятын қайта тіктейміз десек, Аққыз есімімен еліміздегі кез келген оқу орнын атасақ та артықтық етпейді. Аққыз... Ақәже... Мүгілсім... Бұлардың барлығы бір-ақ адам – Мүгілсім Ахметқызы, күйші Аққыз... Сол Аққыз есімі аталған жерде есіме Дина да емес, Тәтекең де емес – қосбасарлар түседі. Оның ішінде Қызқосбасар... Қосбасарлардың тұмасында Тәттімбет тұр. Тәтекеңді сол қос­ба­сарларынан айыру деген бекер­шілік. Содан да Тәтекең есімі өлмей келеді. Өлтірмей келе жатқан сол өзінің қосбасарлары. Өзекті жан барда қосбасарлар өле қоймас. Өйткені, қосбасарлар сол өзектінің өмір сүру болмысы. Сол қосбасарларымыз үзіліп барып, үзіліп барып жалғасын табуда. Оның себебі де, салдары да жеткілікті. Қосбасарды тыңдаған адам Құранды естіген мүсілім сынды қалт тұра қалады. Өзіне өзі сырт көзбен қарайтын сәтті бастан өткізеді. Сөйтіп, өзін таниды. Өз көзімен. Бір сәт болса да ол өзінің пенделік қамытынан босайды. Ол өзінің адам екендігін көреді. Тіршілік тауқыметінен өткен зіл жоқ. Енді оның тіршілік қамытын қайтып мойнына ілгісі жоқ. Мынау жалған ішіп-жеуден ғана тұр­майды екен. Қарын қамынан басқа да қамдар баршылық екен. Мынау жарық дүниең жалғаншы екен. Ертеңіңнің не боларына көз жетпейді. Дегенмен, сынық сәуле бар. Бәрі қайтып оралады. Қалай? Кешегіңе оқ атсаң, ертеңіңнен зеңбірек болып оралып жүрмей ме?! Қосбасарлар дүниеге солай келген. Сол қосбасарлар қазақ баласына қырын келді. Меншебек те, бәлшебек те ытырынды. Ақ та, қы­зыл да ешкікөзденді. Қосба­сар­лардың соңына шам салып түсті. Ел өздерінің қосабасарларынан танды. Өздерінен бұрын өткен күйшілерге теліді. Оның ішінде Тәтекеңе телінгені қаншама? Бір кездері барша қос­басарлар­дың Тәтекең атынан шертілген заманы болған. Сол заман да келмеске кетті. Ел қосбасар тартудан тартын­ған. Қалақ біткеннің барлығы та­мызыққа жаратылды. Ел ішінде есімдері білінген күйшілердің барлығын «контр» деп жариялаған. Алды итжеккенге айдалған. Ел ішінде қалғандарының он саусағы төс пен балғаның арасына түскен. Сонда да бұл қазақ күй «тартудан» тыйылмаған. Қалақтағы тың­қылды іштегі ыңылға айнал­дырған. Ел солайынша домбыра ұс­таудан қаш­қан. Ән сүйемелсіз айтылатын жағ­дайға келген. Дом­бырада ойнайтын он сау­сақ шіркін енді санды шапаттаудан аспаған. Саусақты бір-біріне ұрып та әуезді дыбыс, әуезді ырғақ алуға болады. Қосбасарлар сөйтіп те «күн көрген». Кейін мұртты көсем кеңшілік жасады. Батырларды жырлауға қосты. Ал жыраулар домбырасыз жыр толғай алмас еді. Айтыскерлер домбырасыз жындарын шақыра алмас еді. Домбыралармен бірге қосба­сарлар да қайтып келген. Аузы күйіп қалған ел оларын ашық түстеп айта алмады. Солайынша «Туған жер», «Сағыныш», «Аға­ларым» сынды бейкүнә күйлер пайда болды. Бұл күйлерді ешкім де «контр» дей алмады. Шын мәнінде бұлар нағыз қаны тамып тұрған қосбасарлар еді. Сағыныш... Бейкүнә сезім. Туған жерді сағыну, бауырды сағыну, баланы сағыну, әке-шешені сағыну... Бұл сезімі үшін ешкім сотталмаған. Ешкім ешқайда айдалмаған. Аққыз еді бұл «сағынышты» алып келген. Бәлкім, әке-шешесін, ет бауырларын, туған топырағын сағынған болар. Мұны қутақтай қарауылдары өздерінше қа­был­да­ған. Олардың да өз өлшемдері бар. Аққыздың да өз өлшемі бар! Ол өзінше сағынған! Қыз күнін! Оның шертпесі – Қызқосбасар болатын! Оның қосбасары – Қызқосбасар болатын! Бәрі де оралады! Туған жерің өз аяғынан келе алмайды. Алайда өзің бара аласың ғой. Бауырың келмесе, өзің бар. Ал қыз күнің орала алмайды! Қыз күнің оралмайды! Оң жақтағы қыздың жайы белгілі. Оның ішінде күйші болар ма?! Бүкіл ауыл – оның қорғанышы. Бүкіл ауыл – оның тілеулесі. Расында да, солай еді! Мүгілсім десе, Мүгілсім. Атына заты сай болды. Кимешегі қандай ақ болса, оның бол­мысы солай ақ еді. Жүрген жү­рі­сінде, киген киімінде, ішкен же­мінде «әйкәпір» атанбады. Ол ақ еді! Ол ақ қыз еді! Ол – Аққыз еді! Сол ақтық оның есіміне жамалды. Оң жақта отырып Аққыз атанды. Тұрмысқа Аққыз болып ұзатылды! Тұрмысында да Аққыз атанды! Тұрмыстан қалғанда да Аққыз атынан ажырамады! Барған жері текті жер болатын. Атақты Тобықты Қараменде бидің Серігінің Көпбайы еді. Отбасылық шуақты күндері ұзаққа бармады. Төтеннен келген ажал қосағын көкке алып ұшты. Сол қосағы берген кеңшілікпен шерін тарқатты. Домбыраның екі шегіне емінді. Сонан дүние дөңгелеп берсін. Иығына жамау түсірмегенімен, қартоны көнетоз тартқан. Ұлы мен қызын Моншақбай көкесіне тапсырып, Шаң атасының кең қолтық Иген деген азаматының етегінен ұстаған. Үлкендердің батасын алмап еді, талайына қарсы келді. Барған жерінде сырқат жамай берді. Сөйтіп жүріп те дүниеге екі түсті бал­панақтай сәби әкелген. Қосағы солар­дың қызығын көре алмай кетті. Ендігі дүниені тәрк еткен. Содан бастап қутақтай айнымас сері­гіне айналды. Дүние теріс айналсын. Жарату­шының сынағына ілінді. Жаратқан бәрінен айырды. Ұйқыдан, күлкіден. Сол шемені күй болып шанақ­тан төгілді. Біреу мақтады, біреу даттады. Дабырасы көп еді. Дом­­бы­рашы деді. Күйші деді. Дәу­лескер деді. Бұл қосбасаршы еді!.. Кімге ежіктеп отырсын. Бұл қосбасар деп?! Қызқосбасар еді! Алғашқы екі жетімегіне тағы екі жетімек жамап төркін жұртына оралды. Қызқосбасарымен. Ішкі әлемі әлемтапырақ еді. Қыздың қайтып кел­гені хош көрінбеген заман ғой. О, құдірет, мұның қыз ғұмыры туған топырағында қалған екен ғой. Ешкім де оған тура да, сырттай да қар деп қы­жыртпады. Уақыт тоқтап қалған сынды. Қыз ғұмырында. Үлкені де, кішісі де Аққыз деп үзіліп тұр... Бәрі оралды! Оралмағаны – қыз ғұмыры! Бұл ешқандай да сағыныш емес еді! Бұл ешқандай да «Сағыныш» емес еді! Бұл «Қызқосбасар» еді... Қош, сонымен біз де мақаламыздың ұшығына жеткен сындымыз. Арқаның қосбасарлары өз алдына жатқан тұтастай бір мектеп. Сол мектебіміз де іштей бөлінеді. Соның бірі – қызқосбасар. Аққыз негіздеген мектеп... Төрехан МАЙБАС, жазушы-этнограф Қарағанды