• RUB:
    4.76
  • USD:
    526.11
  • EUR:
    542.31
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Дәрігерлерге арналған дәріс

165 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаттары елордадағы Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталықта «Нұр Отан» партиясы қалалық «Өркениет» филиалының медициналық қызметкерлерімен кездесті.   Мәжіліс депутаттары Гүлжан Қара­­­­ғұсова мен Татьяна Яковлева кез­десу барысында Президенттің билік тар­мақ­тары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуінің және «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жол­дауы­ның мән-маңызын түсіндірді. Сондай-ақ, осы жиында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жобасы талқыланды. Г.Қарағұсова өз сөзінде елімі­здің басқару жүйесі елеулі өзгерістерге бағыт алғанын атап өтті. «Басқару өкілеттіктерінің бір бөлігін Парла­мент пен Үкіметке берудің арқасын­да билік тармақтарының өзара іс-қимылының жаңа үлгісі пайда бола­ды. Мәселе осы туралы болып отыр. Парламент пен Үкіметтің қоғам ал­дын­дағы жауапкершілігін арттыру жұмыс сапасына да оң ықпал етеді. Мәселен, бұрын осыған дейін Үкімет бағдарламаны әзірлеп, оны Президент бекітетін. Енді бағдарламалар­дың орындалу жауапкершілігі, бөлінген қаражаттардың игерілуі, барлығы Үкіметтің жауапкершілігіне өтеді», – деді депутат. Т.Яковлева медицина қызмет­кер­леріне «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жобасының жай-жапсары туралы баяндап берді. Оның айтуынша, бағдарламада баспа­наның қолжетімділігін арттырудың, құрылыс компанияларын тұрғын үй салуға ынталандырудың жолдары қарас­тырылған. Депутаттың сөзін Ұлттық эконо­мика министрлігі Құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық іс­тері комитеті төрағасының орын­ба­сары Бақытжан Качаков толықтыр­ды. «Құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын  қай өңірде қанша үй салу керек, оның бағасы қай шамада болуға тиіс деген мәселелерді жоспарлап алған жөн. Қандай категориядағы азамат­тар баспанаға өте зәру? Оны да анық­тап алмақпыз. Тұрғын үй нарығы­на талдау жасай отырып, өңірлер­дегі баспанаға деген сұраныс деңгейі­не көз жеткізу қажет. Осы сауалдар­дың бәріне әлеуметтік сауалдама жүргізу арқылы жауап алатын боламыз», – деді Б.Качаков. Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары, «Нұрлы жер» бағдарла­масының жобасын әзірлеуге қатыс­қан құзырлы орган өкілдері кездесуге келген адамдардың сұрақтарына ег­жей-тегжейлі жауап берді. Айта кетейік, «Нұр Отан» партия­сының қалалық «Өркениет» филиалы Пре­зиденттің билік тармақтары ара­сында өкілеттіктерді қайта бөлу мәсе­лелері жөніндегі Үндеуін, сонымен қатар, Мемлекет басшысының халыққа ар­наған Жолдауын елордадағы меди­циналық еңбек ұжымдарына түсін­діру жұмыстарын жалғастыра беретін болды. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» АСТАНА