• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Жаһандану жолында

763 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаев­тың «Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» атты тақы­рыппен жарияланған 2017 жылғы Қазақстан халқына Жол­дауымен таныса отырып, еліміздің кешегі, бүгінгі және болашақтағы даму жолдары туралы терең ақпарат аласыз. Еуразия кеңістігіндегі өзі­нің тарихи орнын анықтап, небәрі 25 жыл ішінде даму мен тұрақтанудың ерекше үлгісін көрсеткен жас мем­ле­кетіміздің болашаққа жасаған нық қадамдары нәтижелі болды. Елі үшін туған Елбасы қаһарман халқын жасам­паздық пен жаңғыру жолында ерлікке, табысқа толы белестерге бастады. Тарих тағылымына терең үңілетін болсақ, осыдан ширек ғасыр бұрын кеңес дәуірінің «құрсауынан» босап шыққан тұтас бір ұлттың, тұтас бір халықтың алдында жаңаша дамудың жолын таңдау міндеті тұрды. Бұл өте жауапты кезең еді. Дегенмен, ел басқарған ерлеріміздің батыл әрекеттерінің, ұлтымыз бен халқымыздың бірлігі арқасында арман жолын адаспай тауып, ертеңгі жарқын болашағымызға деген берік сенімімізді ту етіп, намыс пен бақыт жолында жа­лын­дап жанып, бүгін бүкіл әлем таны­ған іргелі мемлекеттің іргетасы берік қаланды. Жаһандану жолы – тарих пен уа­қыт­тың үлкен сыны. Ал егер таразы басын­да бүтіндей бір ұлт пен тұтас халық­тың тағдыры мен мемлекет болып қалыптасудың жаңаша жолын таң­дау­дың кезеңі тұрса, мұнан үлкен жауап­кершілік, мұнан үлкен сын бола қоймас. Біздің халқымыз ежелден ерекше жаратылған халық деп есептеймін. Ықы­лым заманнан бері, «тар жол, тай­ғақ кешу» дәуірлерінде, ғасырлар тоғы­сында ыдырап кетпей, керісінше, тағдыр «қазанында» құ­рыш­тай қайнап, өздеріне ғана тән ұлылық пен іріліктің, бір­ліктің арқасында әр кезде Ақ тудың астында бас қосып, енді, міне, бүгінде тәуелсіздік туының желбіреген ақ таңына да аман-есен жеттік емес пе. Елбасы Жолдауының әржолын толқымай отырып оқу, терең мазмұны мен баян­ды мағынасына қанықпай қабылдау мүмкін емес. Өзінің тарихи ерекшеліктері бар жаңғырудың бірінші кезеңін абырой­мен аяқтап, Елбасы батырлық пен ба­тылдықтың жаңа үлгісін танытып, жаңғырудың екінші кезеңін – «Қа­зақ­стан-2030» стратегиялық бағдар­ла­масын жариялады. Бұл кезеңде де сындардан сүрінбей, қаһарман халқы қоштап, Елбасы «Ас­тана» деп атаған елордамыздың салынуы арқылы мемлекетіміздің даму мен тұрақтану жолының қаншалықты айшықты екенін бүкіл әлемге паш етті. Қазақстан Республикасының әлем жұртшылығы алдында халықаралық дәрежедегі беделі күннен-күнге артып, дамыған елдердің қатарынан өзінің тарихи орнын табу жолын тайсалмай таңдады. Бүгінгі тірлігімізге баға бермей, болашағымызды бағамдамай, жоспарлы шаралар ұйымдастырмай алға жылжу мүмкін емес. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары нақты стратегиялық қадамдарды ай­қын­дайтын, толағай жетістіктерге бастай­тын тарихи құжат ретінде әділ баға­ланады. Қазақстан Республикасының әлем­дегі экономикасы дамыған 50 елдің қата­рынан көрінуі – ерен еңбектің, халық­тың мызғымас бірлігінің үлкен жеңі­сі. Алдымызда мұнан да зор, мұнан да биік міндеттер тұр. Ол – дамы­ған 30 елдің ортасынан өз орнымыз­ды тауып, өскелең ұрпақтың, ұлдарымыз бен қыздарымыздың жарқын бола­ша­ғына даңғыл жол ашу, ұлттық құн­дылықтарымызды жоғалтпай, со­лар­дың қолына даңқты эстафетамызды та­быстау міндеті. Аталған асқаралы арманға жетудің жолдары Елбасының туған халқына арналған Жолдауында анық көрсетілген, жете сараланған. Ел экономикасының әлеуетін арттыру, халқымыз үшін бай­лық пен молшылықтың сарқылмас қо­рын дайындаудың тетіктері, оларды жү­зеге асырудың бағыттары ай­қын­далды. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік жо­лында экономика саласындағы табыстарымызбен қатар, еліміздің саяси, әлеуметтік өміріндегі өзгерістерге де үлкен мән берілуде. Қазіргі уақытта қоғамда Елбасының Қазақстан Республикасының Ата Заңы­на билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселелеріне қа­тысты өзгерістер енгізу туралы Үндеуі қызу талқылануда. Республика Президентінің кейбір өкілеттіктерін қысқарта отырып, Пар­ламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін кеңейту арқылы мемлекетті басқарудың жаңа, тың жолдарын анықтауға батыл қадам жасау – демократия қағи­дат­тарына сай құрылған, анық құқықтық, зай­ырлы мемлекетке тән тарихи бет­бұрыс ретінде бағаланады. Мемлекеттік биліктің дербес саласы – сот билігінің бүгінгі және ер­теңгі даму жолдарын елдің, халықтың да­му жолдарынан, тағдырынан бөлек қарас­тыру мүмкін емес. Қазақстан Респуб­ликасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты, заңдарда көрсетілген жолдармен қорғаудың кепілі ретінде құрылған тәуелсіз сот жүйесі, ең алдымен, тәуелсіздігіміздің жемісі. Елбасы Жолдауында «Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет» деп анық айтылған. Отандық сот жүйесі соңғы жылдары аталған абыройлы міндетті орындау, Қазақстан халқының сенімін ақтау жолында айтулы табыстарға қол жеткізді. Республикамыздың сот жүйесінің беделі халықаралық қатынастарда да тиісті дәрежеде бағаланып, өзіндік қолтаңбасы айқындалуда. Қол жеткен табыстармен шектелуге болмайды. Өткен аптада Аста­на қаласында болып өткен респуб­лика сот жүйесінің 2016 жылғы жұмы­сының қорытындысына арналған кеңей­ті­л­ген кеңесте Жоғарғы сот төра­ғасы Қ.Мәми саланың алдында тұр­ған міндеттері мен мақсаттары тура­лы нақты тапсырмалар берді. Бірін­ші кезекке сот билігіне халықтың қолже­тім­ділігін, заңның үстемдігін қамтамасыз ету міндеттері қойылды. Сот жүйесінің заңдарда көрсетілген жолдармен қызмет атқаруы Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалық процестердің орындалуына, табысты жүзеге асуына тікелей әсер етеді. Сүйікті Отанымыз бен жасампаз халқымыз жаңғыру мен жаңарудың үшінші кезеңіне сеніммен аяқ басты. Біз тарихтың сындарынан сүрінбей өткен, байлық пен бақыттың қадір-қасиетін терең түсінетін, бірліктің бастауынан сусындаған, жүректері елім деп соққан ерлердің қаһарман ерліктеріне сүйсінген, аталы сөздеріне тоқтаған, мәуелі бәйтеректің саясында мамыражай өмір сүруге жаралған халықтың ұрпағымыз. Ұланымыз – намысты ұлдарымыз бен көрікті қыздарымыз, ұранымыз – Мәң­гілік Ел болу. Сайын даламыздың самал желі біздің жігерімізге жігер қосады, бойы­мызға күш-қуат береді, талабымызды ұштайды. Жаңғыру жолындағы сәтті қадам­дары­мыз жаһандық бәсекелестікке қабілет­тілігімізді арттыратын айқын жол еке­нін терең түсінеміз. Жарияланған Жолдаудың жасам­паздығы халқымыздың ерен еңбегі мен мызғымас бірлігінің нәтижелері болуға тиіс. Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы