• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Елбасы: Экономика министрі креативті идеялар ұсынуы керек

298 рет
көрсетілді

2017 жылы экономикалық өсім 2 пайызға артады. Бұл туралы бүгін Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. «Болжамдарымызға қарамастан, осы жылдың соңына дейін экономиканың өсуі кем дегенде 2 пайызға артады деп есептеп отырмыз. Салалардың ішінде тау кен қазу өнеркәсібі 3,6 пайызға, азық-түлік өнімдерін өндіру 3,2 пайызға, машина жасау 13 пайызға артуы тиіс. Сонымен қатар, қандай жағдай болмасын ауылшаруашылығы – 2,5 пайызға, құрылыс секторы – 2,6 пайызға, көлік және логистика – 4 пайызға өседі деп жоспарлап отырмыз. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Ұлт жоспарын, Сіздің Жолдауыңызды, бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарамыз», – деді Тимур Сүлейменов. «Жақсы баяндама жасадың. Ішкі резерв, яғни, ЭЫДҰ-да біз перспективті жоспарларымыз бойынша бес пайыздық өсімге шығу бойынша келіскенбіз. Сондықтан экономиканың қай бөлігі айтарлықтай өсім береді, соны санауың керек. Экономика министрлігі – экономикаға өсім беретін, мемлекетке, Үкіметке креативті идеялар, ұсыныстар беретін штаб. Түсіндің бе? Сен жас министрсің, меніңше білімің мен тәжірибең жетеді», – деді Елбасы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев кейбір облыс әкімдерін сынға алды. "Биыл біз алған рет жеке серіктестіктің қалай жұмыс істейтінін байқап көрдік. Біреулер жақсы жұмыс істейді, ал кейбіреулері әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында жеке инвестицияларды тартудың амалын дұрыс іздемейді. Кейбір облыстар мен өңірлерде мыңдаған балабақша мен мектеп салынып жатыр, бірақ қалған облыстарда ешқандай жұмыс істелмей жатыр. Олар көрші облысқа барып, онда не болып жатқанын көріп қайтуға ерінеді. Ал өздері мемлекеттік инвестицияға ғана сүйеніп, ештеңе істемейді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзіне пікір білдіре отырып.