Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталықтарында азық-түліктің қорын сақтау үшін үлкен қоймаларды салмаған әкімдерді сынға алды.
«Әкімдерге айтайын дегенім, облыстардың орталықтарында өнім сақтайтын қоймалар жоқ. Кооперативтер алып келген өнімдерін қайда жеткізеді. Баяғыда азық-түліктің қорын сақтау үшін облыстарда үлкен қоймалардың құрылуы туралы тапсырылды. Кейбірінде осындай қоймалар бар, ал қалғандарында жасақталмаған. Кооперативтер жұмыс істеуі үшін үлкен қорды жинайтын қоймалар болуы керек. Ал қазір қалай жұмыс істейді? Олардың дүкендері жоқ», - деп атап өтті Президент.
Осы орайда Елбасы кооперативтер тиісті деңгейде жұмысқа кіріссе, қазіргі кезде толық қуатында жұмыс істемей тұрған сүт және ет зауыттары жеткілікті көлемде қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов 2016 жылы сүт өнімдері және ірі қара мал етін әзірлеу бағыттары бойынша 157 кооператив құрылғанын жеткізді. Үстіміздегі жылы құрылатын кооперативтер саны екі есеге артады деп күтілуде.
«Кооперативтер өнімді даярлау, сақтау, тасылмаумен, сондай-ақ ветеринария, жем-шөп даярлау, аграрлық химия қызметтерін жүзеге асырады. Жалпы, кооперативтер ауылды ары қарай дамытудың негізі болуы тиіс», - деді Мырзахметов.