«Байер» ойыншысы Хакан Чалханоглу трансферлік ережені сақтамағаны үшін төрт айға жазаланды. Осыған байланысты ол маусым соңына дейін алаңға шыға алмайды. Мұндай шешімді ФИФА басшылығы қабылдады, деп хабарлады eurosport.ru.
Бұл оқиға 2011 жылы болған. Германияның «Карлсруэ» командасында жүріп, «Трабзонспормен» келісімге келген. Алайда, неміс командасымен келісімшартын ұзартып, артынша «Гамбургке» ауысып кеткен. ФИФА басшылығы осы жерде ереже бұзды деп есептеген.
Чалханоглу осы мәселеге қатысты өз ойын білдірді.
«Ол кезде 17 жасымда «Карлсруэ» клубында доп теуіп жүргенмін. Достарымнан әкем Дармштадта «Трабзонспор» өкілдерімен кездесетіні туралы естіп қалдым. Үйге келгенімде ол түрік командасымен келісімшартқа отыруым керектігін айтты. Бірақ қазір қателік жібергенін мойындап, өкініп жүр. Қандай жағдай болмасын ол менің әкем», – деді Хакан.