Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Ақтөбе облысы активінің жиналысы өткізілді. Қазірдің өзінде өңірде жылдың басты құжатын талдап түсіндірудің кең ауқымды іс-шаралары бекітілді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына ел үшін мәні мен маңызы аса жоғары екі жағдайға байланысты сөз арнады. Оның біріншісі бұған дейін Президенттің қолында шоғырланып келген бірқатар өкілеттіктерді биліктің тағы бір тармақтары –Үкімет пен Парламентке ауыстыру мәселелесіне арналды. Оның еліміз үшін тарихи маңызы бар.
Одан кейін Елбасы Қазақстан халқына биылғы Жолдауын жария етті. Әр жыл сайын Қазақстан халқы Президент Жолдауын елеңдеп күтетіні дәстүрге айналып келеді. Осы орайда, биылғы Жолдауға тән басты ерекшеліктер – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін көтеруге арналғаны, инновация мен жаңа технологияларды енгізуге басымдық бергені деуге болады. Активте сөз алған ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзін осы арнадан сабақтады.
Қазіргі күні Ақтөбе аймағында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын жедел әрі сапалы түрде орындау мақсатында іргелі істерді жолға қою белгіленген. Әсіресе, соның ішінде геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі жандандыруға баса көңіл бөлінген. Президент Жолдауында ауыл шаруашылық кооперативтерін құру ісіне жаңа бетбұрыс жасау керектігі көрсетілген. Сондай-ақ, өнімді өңдеу көрсеткіштері деңгейін көтеру көзделген. Бүгінгі күні облыста 104 кооператив құрылған. Ал таяу уақытта өңірде ауыл шаруашылық кооперативтері негізінде сүт және ет өнімдерін өңдеу цехтарын құру белгіленіп отыр.
Сонымен бірге, аймақта ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды шұғыл енгізу және суармалы жерлердің көлемін көтеру жөнінде де айқын мақсат қойылған. Егер нақты деректерге сүйенсек, 2015 жылы оның көлемі 12 мың гектар құраса, өткен жылы бұл аумақ 18 300 гектарға дейін ұлғайған. Мұның сыртында 19 500 гектар жердің құнарын көтеру мен қалпына келтіру жөнінде жобалау-сметалық құжаттар жасалған. Ал алдағы 2018 жылы облыста суармалы алқаптардың аумағын 40 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ