Теміртау қаласының қарапайым тұрғыны мәнерлеп сырғанау мен хоккей жанкүйерлері үшін 8-ші шағын ауданына жаңадан мұз айдынын құйды. Сырғанаушыларға тегін ұйымдастырылған мұз айдынына қазірдің өзінде келушілердің қарасы қалың.
Бұл – бүгінде қала тұрғындарының аузында жүрген Евгений Пестовтың мұз айдынын құюдағы алғашқы жұмысы екен.
– Не істесең де қайырымды және пайдалы іс атқарған дұрыс. Бұл жер жас спортшылардың осы қыста бас қосатын жаңа кездесу орнына айналды. Тұрғындар бүкіл отбасымен осында келіп, демалыстарын қызықты өткізеді. Күн сайын осы жерде аула хоккей командалары ойындарын өткізіп, шеберліктерін шыңдауда. Бұдан басқа, қардан сырғанақ төбе жасау қолға алынды. Балалар да, ата-аналар да дән риза. Корт қараңғы түскенше ғана жұмыс істеп тұр. Өйткені, жарық шамдары жоқ. Алдағы уақытта жарықтандыру, қоқыс салатын жәшіктерді орнату және орындықтар қою қажет. Қақпаларға тор орнатып, кәсіби түрде аула чемпионаттарын өткізу ойымызда бар. Барлығымыз күш біріктірсек, ол да қолымыздан келер, – дейді қала тұрғыны Евгений Пестов.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы