Елімізде тұңғыш рет байрағын көтерген ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада қуанышы қанаттандырған ақмолалық мектеп оқушылары Щучинск қаласында шорт-тректен жарыс өткізді.
Қаладағы №8 мектеп-гимназияның спорт алаңындағы жарысқа облыстағы жалпы білім беретін мектептердің 8 командасы қатысты. Ал, жарыс жолына шыққан балғындардың саны отыздан асып түседі. Өкінішке қарай, алдын ала өтініш берген Аршалы және Жарқайың аудандарының өкілдері ауа райының қолайсыздығына байланысты жарысқа қатыса алмады.
Тартысты бәсекенің қорытындысында Бурабай ауданының балалары жеңімпаз атанып, Егіндікөл ауданы мен Көкшетау қаласының командасы жүлделі орындарды өзара бөлісті. Эстафеталық 4х500 жарыста да аталған командалар озып шықты.
Жекелей біріншілікте 300, 500 және 1000 метрлік қашықтықта Бурабай ауданынан Диана Жазиз, Данияр Шайхынов және Петр Хохлов сияқты балғын спортшылар жеңіс тұғырына көтерілді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы