• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2017

Сириялық босқындар Еуропадан кетіп жатыр

150 рет
көрсетілді

Елдегі азаматтық соғыстан қашып, Еуропаға барып, бас сауғалап жатқан сириялықтар көп. Бірақ соңғы кезде Кәрі құрлықтан керісінше өз еркімен Сирияға жақын Түркияға оралып жатқандар да аз емес, деп жазады «Хабар 24». Алғашқыда мигранттар Батыс елдерінен жергілікті тұрмысқа бой үйрете алмай қайтып жататын. Демократиясы берік Кәрі құрлықта босқындарды тағы қандай жағдайлар мазалайды? Шанлыурфа қаласы Сирия шекарасынан 55 шақырымдай жерде орналасқан. Бұл шаһарда көрші елде азаматтық соғыс басталғалы халық саны екі есе артты. Бастапқыда бас сауғалаған сириялықтар көп тұрақтамай Еуропаға аттанатын. Алайда соңғы уақытта Кәрі құрлықтан отаны - Сирияға жақын елге, әсіресе, Түркияға оралып жатқандар да аз емес. Бұған көбіне діні мен діліне байланысты еуропалық қоғамға бой үйрете алмау себеп. Қазір бұл қиындыққа неофашизм қосылды. Бірер жыл бұрын Германияға тұрақтаған Фейсал әл-Хайал мәселе ол жақтағы адамдардың еркін жүріп-тұруында емес екенін айтады. Қазір босқындарға Кәрі құрлықты жайлаған ұлтшылдық қауіп болып тұр. «Қазір ол жақта әсіре ұлтшылдар сириялықтарды ұнатпайды. Өйткені олар босқындар Еуропа мен Германияға исламды алып келіп, өздеріне үлкен қауіп төндіре бастады дейді. Бұған қоса жергілікті ақпарат құралдары да осы елде заңды бұзған келімсектің ауған немесе сербиялық болғанына қарамастан, сириялықтарды айыптауға дайын тұрады», - дейді сириялық босқын Фейсал әл-Хайал. 2015 жылы Швецияда тұрып, кейін Түркияға оралған Метин Корабатыр да Еуропа мен АҚШ-та босқындар үшін жақсы жағдай жасалғанымен, батыс қоғамында нәсілшілдік белең алып тұрғанын айтады. Ал Құрама штаттарда билік ауысқалы қауіпте ұлғайды. Сондықтан кей мигранттар бас амандығын ойлап, Түркияға оралуды жөн көреді дейді ол. «Германия, Швеция сияқты еуропалық елде босқынға арналған нақты жүйе бар. Бірақ қазір ол жақта нәсілшілдік пен ксенофобия көп. Ал Трамп билік басына келе салысымен бұл үрдіс тіпті күшейді. Дегенмен бұл елдердің мигранттарға беретін құқықтық мәртебесі осы олқылықтың орнын толтыратыны көңілге медеу», - дейді Баспана мен миграция жөніндегі зерттеу орталығының басшысы Метин Корабатыр. Қазір Батыс елдерінен қайта оралғандар туралы нақты санақ жоқ. Түркия билігінің мәліметіне қарағанда 2015 жылы елге аяқ басқан 1 миллион сириялықтың 700 мыңы Еуропа асқан. Ал қазір мұнда 4 миллиондай сириялық тұрып жатыр. Себебі түрік жерінде босқындар Кәрі құрлықтағыдай жеңілдігі мол құқықтық мәртебеге ие бола алмаса да, еркін жұмыс істеп, нәпақа таба алады. Тіпті кішігірім кәсібін дөңгелетіп отырғандар да бар