• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2017

Айдова: Жеңіске жету үшін жарақатым кедергі болды

291 рет
көрсетілді

Екатерина АЙДОВА, Қысқы Универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері: Дәрігерлердің айтқанын тыңдамадым ХХVIII Қысқы Универсиадада өнер көрсетіп жатқан Екатерина Айдова Қазақстан қоржынына бүгінгі күнге дейін екі қола медаль алып берді. Бізге берген сұхбатында жеңіске жету үшін алған жарақаты кедергі болғанын айтқан Катя алдағы жоспарымен де бөлісті. – Екатерина, сіз үшін Қысқы Универсиада мен Олимпиаданың айырмашылығы қандай? – Екі доданы бір-бірімен салыстыруға келмейді ғой. Соған қарамастан, жарысты өте жоғары деңгейде ұйымдастыра алған еліме қуанып отырмын. Мұнымен Қазақстан қысқы Олимпиаданы толыққанды өткізе алатынын дәлелдеп отыр.  Мен екі Олимпиадаға қатыссам да, Универсиадада бірінші рет бақ сынап отырмын. Бұл жарыста екі дүркін қола жүлдегер атанғаныма қуаныштымын. Қос медалім төрімде ілініп тұратыны сөзсіз. – Айтқым келгені, студенттер сайысында үшінші орын алып отырсыз. Ал тәжірибелі әккі спортшылармен әлем чемпионаты мен Олимпиадада бақ сынағанда нәтижеңіз құлдилайтыны сөзсіз ғой... – Бір нәрсені ұмытпау керек, бұл студенттер сайысы. Соған қарамастан, жарыста жүгіріп өткен уақытыммен әлемдік сайыстарда үздік ондыққа кіруге болады. Ауа-райының қолайсыздығының кесірінен алғашқы айналымда дұрыс жүгіріп өте алмадым. Екінші айналымда нәтижемді жақсартып, жеңімпаздар қатарынан көріне алдым. Сондықтан, жоспарды ойдағыдай орындай алдым деп айта аламын. Бір білетінім, мен бұл көрсеткішпен тоқтап қалмаймын. – Бәрекелді! Сізді жарақат алды деп естідік, толық айыға алдыңыз ба? – Спортты кәсіп еткендердің дені жарақат алып жатады. Мен де солардың қатарын толықтырдым. Арқама ота жасағаннан кейін, дәрігерлер маған 6 айға дейін жаттығу жасауыма тыйым салды. Осылайша жаз айында жасалатын дайындықты өткізіп алдым. Бірақ, ақ халаттыларды тыңдамай 3 айдан кейін конькиімді кие бастадым. Қазір денсаулығыма шағым айта алмаймын. – Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз? – 7 ақпан күні Оңтүстік Кореяда өтетін әлем чемпионатына қатысамыз. Онда мен жеке бағдарлама бойынша сынға түсемін. Артынша Жапонияда өтетін Қысқы Азия ойындарында бақ сынаймын. 26-27 ақпанда Канаданың Калгари қаласында жалауы желбірейтін спринттік сайыста өнер көрсетеміз. – Қысқа ғана уақытта соншама жарысқа қатысып, жүгіру қиынға соқпай ма? – Бұл спорт қой. Барлығы алдын-ала жоспарланған сайыстар. Мен үшін жарақатымнан кейін көрсеткішімді жақсартудың бірден-бір жолы осы ғой деймін. Сізді тағы бір таңғалдырайын, Калгариден кейін Астанада өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынаймын. Осымен біздің маусым аяқталады. – Әңгімеңізге рахмет, биік тұғырдан көріне беріңіз!   Әңгімелескен Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан»