• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2017

Аягөзде республикалық бүркітшілер сайысы басталды

564 рет
көрсетілді

Бүгін Аягөз ауданында Қазақстан Республикасының ересектер арасында бүркітшілердің ХІ республикалық чемпионаты басталды. Екі күнге созылатын құсбегілердің сайысына еліміздің 9 облысы мен 1 қаласынан 39 бүркіт пен 6 қаршыға, ұзын саны 45 құс әкелінген. Айта кетейік, бұған дейінгі ел чемпионаттарында мұндай көрсеткіш тіркелмеген. «Бұл – рекорд. Тамаша нәтиже. Бұдан бұрынғы біріншіліктерде бүркітшілер саны 30-дан аспайтын. Бабаларымыздан қалған ұлттық өнердің жыл сайын қанат жайып келе жатқаны қуантады» дейді дүбірлі доданы ұйымдастырушылардың бірі Тәттімбет Кәпұлы. Осымен екінші жыл қатарынан Шығыс Қазақстанда өткізіліп отырған бүркітшілер бәсекесінің алғашқы күнінде қыранның бабын байқайтын құсты қолға шақыру, еркін ұшыру, шырға салу секілді сайыстар өткізіліп, жиналған жұрттың делебесін қоздырды. Нағыз қызық ертең, жарыстың екінші күнінде болатын секілді. Себебі, бүркіттер мен қаршығаларды бұл күні қоян мен түлкіге, тіпті қасқырға түсіру жоспарланып отыр. Аягөз қаласының іргесіндегі атшабарда шымылдығы түрілген саятшылар сайысына Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлен Оспанов, ұлттық спорттан мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібаев, Алматы облысының «Қыран» федерациясының директоры Бағдат Мүптекеқызы құрметті қонақ ретінде қатысты. Белгілі әнші Тоқтар Серіков те туған жеріндегі тартысты көруге Алматыдан отбасымен бірге арнайы келіпті. «Аягөзде салбурын болады, бүркітшілер сайысы өтеді дегенде үйде жата алмадым, салып ұрып жеткен жайым бар. Аязға, боранға қарамастан қаншама халықтың жиналғанын көріп қуанып отырмын. Тоғыздағы ұлымды сонау Алматыдан арнайы ертіп келдім. Бүркітті жақсы көреді. «Бүркітші болғым келеді, қаршыға алып бер» дейді. Құдай қаласа, ұлымды ұлтымыздың осынау ұлы өнеріне баулысам деген ойым бар», – дейді әнші. Сайысқа қатысушылардың жас жағынан ең үлкені – Алматы облысының Сарқан қаласынан келген 75 жастағы Тәлімбек Айсабекұлы ақсақал. Ең жасы – Жамбыл облысы Меркі ауданының үмітін үкілеп жеткен 17 жастағы Бабажан Бақдәулет. (Бүркітшілер сайысы туралы толық материалды газетіміздің алдағы санынан оқитын боласыздар) Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы Суреттер автордікі