• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2017

Басым бағыттарға назар аударылды

186 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің депутаттары А.Нұркина, А.Құрманова, С.Бычкова, С.Симонов, А.Базарбаев жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды. Сапар аясында депутаттар Мем­лекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру бойынша облыс тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен, бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді. Әуелі Парламент Мәжілісінің депутаттары «Агромашхолдинг» АҚ-тың жұмысымен танысып, кәсіп­орынның еңбек ұжымымен кез­десті. Өз сөзінде Айгүл Нұркина Жол­даудың басым бағыттарына тоқт­алып өтті. Атап айтқанда, депутат ұжым назарын биылғы Жолдауда қозғалған еңбек нарығын жаңғырту және бизнес-ортаны кеңейту мәселелеріне аударды. Айгүл Қабдешқызы кездесу бары­сында «Жол картасы» және жұ­мы­с­пен қамту орталықтарының рефор­малаудан өтіп, оның базасында бар­лық елді мекендерде бар бос жұмыс орындары тіркелген бірыңғай онлайн платформасы ұйымдастырыла­­­ты­­­ны туралы әңгімеледі. Айта кету керек, әкімдіктер әзірлейтін осы «Жол карталары» бойынша қысқартыла­тын қызметкерлерді қайта даяр­лау және оларды одан әрі жұмыс­қа орналастыру мәселесі шешімін табатын болады. Сонымен қатар, депутат Нәти­желі жұмыспен қамту және бұқара­лық кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасы туралы және оны іске асыру жұмыстарына Үкімет жаңа жыл­дан бастап кіріскені туралы да атап өтті. «Осы бағдарлама аясында Қазақ­стан азаматтары өз бизнесін жүр­гізу үшін ауылда да, қалада да 16 мил­лион теңгеге дейін шағын несие ала ала­ды. Сонымен қатар, биз­несті жүр­гізу және қаржылық сауат­тылық­қа үй­рету бойынша да жұмыстар ұйым­дастырылатын болады деп жос­парлануда. Бағдарламада басты назар отбасылық бизнестің дамуына ерекше көңіл аударылатын болады», – деп толықтырды депутат. «СарыарқаАвтоПром» ұжымымен әңгімелесу барысында депутат Айзада Құрманова ерекше атап өткен­дей, Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауында Қостанай өңіріне тән агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау салаларына басты назар аударды. «Мемлекет басшысы электромобиль өндірісін экспорттық бағдардағы одан әрі дамыту бойынша нақты басымдық ретінде белгіледі, оны жүзеге асыру барысында шамамен 20 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлану­да. Бүгінгі таңда, Н.Назарбаев атап өт­кен­­дей, екі жоба іске қосылды, оның біреуі – осы сіз жұмыс істеп жүр­ген JAC электр автомобильдерін құрас­тыру зауыты», – деді Айзада Амангелдіқызы. Кездесу барысында Елбасының 25 қаңтардағы Үндеуінде атап өткен билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі ұсынылатын конституциялық реформалары туралы Светлана Бычкова әңгімеледі. Депутаттар А.Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік универ­ситетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен, студенттерімен және Қостанай облыстық ішкі істер депар­таментінің ұжымымен кез­десу өткізді. Сондай-ақ, Парламент Мәжілісінің депутаттары С.Симонов пен А.Базарбаев «Нұр Отан» партия­сының Қостанай қалалық филиалында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау жүргізді. Айта кету керек, бір күн бұрын депутаттар биылғы Жолдаудың негізгі ережелерін түсіндіру бойынша өңірлік Іскер әйелдер қауымдастығының мүше­лерімен және «Нұр Отан» пар­тия­сының облыстық филиалының активі­мен кездескен болатын. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы