Алматыдағы Универсиаданың шайбалы хоккей додасында қазақстандық шеберлер Чехия құрама командасымен мұз үстінде имек таяқ түйістіріп, қарсыластарына қарағанда, өздерінің шын мықты екендіктерін дәлелдеді. Біздің хоккейшілердің тегеурініне шыдай алмаған қонақтар 0:8 есебімен ойсырай ұтылуға мәжбүр болды.
«Халық Арена» мұз сарайында өткен бұл матчта Константин Савенков пен Артем Бурделев екі реттен шайба салды. Сондай-ақ, Дмитрий Гренц, Никита Михайлис, Антон Петров және Кирилл Савицкий сынды ойыншылар да мұз үстінен гол соқпай кетпеді.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы Қытай (22:0) мен Швецияны (5:0) да күйрете жеңген болатын. Сөйтіп, Сергей Старыгиннің үш кездесуде өз қақпасына бір де бір шайба жібермеген шәкірттері тоғыз ұпаймен турнирдің плей-офф кезеңіне өтті. Ширек финалда біздің хоккейшілер іріктеу кезеңінде 3-орын алған Швеция құрамасын 4:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Қазақстандықтар жартылай финалда Словакияны 4:3 есебімен буллит бойынша жеңген Чехия құрамасымен кездеседі. Екінші жартылай финалдық ойын Канада мен Ресей құрамаларының арасында өтеді.
* * *
Өкінішке қарай, қыздар арасындағы сында Қазақстан құрамасы бесінші-жетінші орындар үшін болған матчта Жапония хоккейшілерінен 0:4 есебімен ұтылып қалды. Бұдан бұрын біздің хоккейші қыздарымыз Ұлыбритания командасын 11:0 есебімен ұтып, Канада (0:11) және Қытай (1:4) хоккейшілеріне есе жіберген болатын.
Сонымен, Қазақстанның қыздар құрамасы Универсиаданың хоккей сынындағы соңғы кездесуін бүгін Ұлыбритания командасымен өткізеді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»