• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2017

Жерлестеріміз жеңіске жетті

143 рет
көрсетілді

Жоғары хоккей лигасында сынға түсіп жатқан қазақстандық қос клуб – Өскеменнің «Торпедосы» мен Қарағандының «Сары­арқасы» кезекті жеңіс­теріне қол жеткізді. Шығыс­қазақстандық шеберлер өз мұз айдынында Крас­ноярскінің «Сокол» командасын 3:2 есебімен тізе бүктірсе, қарағандылық хок­кей­шілер Ангарскіден келген «Ермактың» қақпа­сына жауапсыз үш шайба соқты. Өскемендегі ойында есепті бірінші болып қонақтардың ойыншысы Дмитрий Поляков ашты. Бұдан кейін Владимир Коротков, Евгений Белухин және Денис Игнашин қата­рынан үш шайба соғып, «Торпедоны» алға шығарды. Ал матчтың соңына таман «Соколдың» ойыншысы Александр Репьях бір гол салып, есеп айырмашылығын қысқартқанымен, ойын 3:2 есебімен өскемендіктердің пайдасына шешілді. Қазір «Торпедо» турнир кестесінде 97 ұпаймен бұрынғысынша топ бастап келеді. Бірақ олар екінші орындағы СКА-Нева (Санкт-Петербург) командасынан ұзап кете қойған жоқ. Жалпы саны 45 кездесуден өткізген екі ұжымның арасын бір ғана ұпай бөліп тұр. «Сарыарқа» болса, «Қарағанды Аренаның» мұз айдынында Ангарскінің «Ермак» командасымен өткен ойында 3:0 есебімен басым түсіп, 93 ұпаймен (45 ойын) үшінші сатыдағы орнын сақтап қалды. Бұл кездесуде қарағандылықтар сапынан Даниил Ердаков екі мәрте және Илья Анто­новский бір рет мергендік танытты. Кеше «Торпедо» Өске­менде «Ермакпен» күш сынасса, «Сарыарқа» Крас­нояр­скінің «Соколын» өз айдынында сынақтан өткізді.