Жарты ғасырлық жылнамасын тойлап отырған өнер ұжымының құрамына түрлі жанрдағы бірнеше шығармашылық ұжым кіреді. Олар – Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Назерке» халықтық би ансамблі, «Классика» камералық ансамблі, «Орда» аспаптық триосы, «Ән қанатында» эстрадалық ансамблі. Бұдан бөлек жекелеген дәстүрлі және эстрадалық әншілер, күйшілер, жоғарыда аталған ұжымдардың көркемдік жетекшілері, дирижерлары, балетмейстері, режиссер, дыбыс режиссері мен операторы, суретші, шығармашылық ұжымның жұмысын ұйымдастыратын әкімшілік қызметкерлер мен кіші техникалық қызметкерлерді қосқанда, барлығы 160-тан астам адам филармония құрамында еңбек етеді.
Облыстық қазақ драма театрында өткен салтанатты шара филармонияның өткені мен бүгіні туралы деректі фильм көрсетілімімен басталды. Филармония ұжымын облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов құттықтап, өнер адамдарының ұлтқа, елге, жалпы адамзатқа қызмет ететінін баса айтты. Көрермен назарына ұсынылған мерекелік концертте Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, әншілер Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әмірханов, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, домбырашы Ермек Қазиев, эстрада әншілері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Жаңылсын Хасанова мен Марат Сарбөпеев, дәстүрлі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева және басқалар өнер көрсетті. Өнерпаздар өз тойында елге ән-жырмен шашу шашып, жұртшылықтың ризашылығына бөленді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Орал
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ