• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2017

Қазақстанда өндірушілер мен сатып алулардың бірыңғай ІТ-платформасы құрылады

238 рет
көрсетілді

Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі отырысы барысында мемлекеттік сатып алулар жанындағы отандық тауарлар үлесін арттыруды тапсырды, деп жазады pm.kz. ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев автокөліктер бойынша орталықтандырылған мемлекеттік сатып алулар тетігін енгізу отандық өндірушілердің әлеуетін арттырып, олардың өндірісін жаңғыртуға мүмкіндік бергенін айтып өтті. «Біз биылғы жылы аталған жұмысты жиһаз бен жеңіл өнеркәсіпте жүргізу жөнінде келісіп қойдық. Осыған ұқсас тәсілді енгізетін салалардың тізімін ұлғайту керек», - деді Б. Сағынтаев. Осыған орай, Инвестициялар министрлігіне ҰКП-мен бірлесіп бір аптада аталған мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Бұдан өзге, Қаржы министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде отандық өнімді пайдалану тұрғысынан конкурстық құжаттаманы тиянақты түрде тексеру тапсырылды. Бұдан бөлек, Б. Сағынтаев квазимемлекеттік сектордың сатып алу жұмысына тоқталды. Ол бұл мәселеде бірыңғай саясаттың жоқ екенін айтып, бір апталық мерзімде осы компанияларға арналған, айқындық пен қолжетімділік ескерілген, сатып алулардың бірыңғай ережелері бойынша ортақ тәсілдеме әзірлеуді тапсырды. «Аталған тәсілдер негізінде Қаржы министрлігіне бірінші тоқсанның соңына дейін тиісті заң жобасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Б. Сағынтаев. Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі инвестициялар және даму, қаржы министрліктеріне ҰКП және ұлттық холдингтермен бірлесіп, квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушыларды қосып, тиісті деректер базасын біріктіре отырып, сатып алулар мен өндірушілердің бірыңғай ІТ-платформасын құруды тапсырды. Бұдан өзге, Инвестициялар және даму, Энергетика министрліктеріне «Самұрық-Қазына» және әкімдермен бірлесіп, әрбір ірі кәсіпорынмен жұмыс жүргізіп, жергілікті қамтуды ұлғайту бойынша мақсатты индикаторды белгілеу тапсырылды. «Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі мәселелерді өзім бақылауда ұстаймын», - деді Б. Сағынтаев.