Оңтүстік Қазақстан облысында өткен «Қазақстан-Түркия инвестициялық форумының» аясында делегация құрамы ОҚО-ның тарихи жерлеріне саяхат жасады, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Атап айтқанда, түрік кәсіпкерлері Отырар ауданындағы «Отырар төбе» қалашығына барды. Мұнан соң, «Арыстан баб» кесенесіне зиярат жасалып, баба рухына дұға бағышталды.
Мәртебелі меймандарды арнайы күтіп алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов делегаттарды болашақта ауданда жүзеге асырылатын жобаларымен таныстырып, бауырлас елдің өкілдерін өңірдің туризм саласына инвестиция салуға шақырды. Аудан басшысының мәліметінше, өткен жылы «Отырар төбе» қалашығына 110 мыңнан астам турист келсе, оның 5 мыңы шетелдік саяхатшылар екен.
Бұл күні делегаттар Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін де аралады. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде болды. Өңірдің туристік әлеуетімен танысқан шетелдік қонақтар облыстың тарихи жерлерге бай екенін айтып, жоғары бағалап, соған сай болашақта мұндағы туризм саласы одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Бүкіл әлемдік мәдени мұра тізіміндегі ЮНЕСКО-ның құрамына кіретін мавзолей еліміздегі туристер ең көп келетін аймақтардың бірі болып табылады. Өткен жылдары киелі мекенге бір жылда 1млн. 60 мың турист келсе, 245 мыңы шетел азаматтары екен.