Оңтүстік Қазақстан облысы мен Түркия Республикасының индустриалды аймақтары бұдан кейін тығыз байланыста жұмыс істеп, бірлескен жобалар аясында ынтымақтастық орнатпақ. Жұмыстардың шұғыл және нәтижелі болуы үшін «Оңтүстік» индустриалды аймағының ғимаратынан Түркия Республикасының «Ostim» индустиралды аймағының өкілдігі ашылды, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
«Оңтүстік» индустриалды аймағының жетекшілігі бұдан кейінгі жұмыстарын жүйелеп, жетілдіруде Түркияның даму тәжірибесін пайдаланатын болады. Өйткені, Анкарадағы 5200 кәсіпорынның басын біріктірген «Ostim» индустриалды аймағы 50 жылдан бері дамудың үздік тәжірибесін көрсетіп келеді.
Аталған шетелдік индустриалды аймақтың құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Орхан Айдын бұл жұмыстардың қос мемлекет кәсіпкерлері үшін де тиімді боларына сенім білдіріп, «Оңтүстік» индустриалды аймағының да өкілдігі, яғни, бас кеңсесі Түркияның астанасынан ашылатынын жеткізді.
Ал «Оңтүстік» индустриалды аймақтары басқарушы компаниясының бас директоры Мұхтар Тұрабековтың айтуынша, бірлескен ынтымақтастық жұмыстарының арқасында ортақ брендпен, не болмаса, жеке дара өнім шығарылып, нарыққа шығарылады.