«Барселона» футбол клубының академиясынан түлеп ұшқан Сито Риера Павлодардың «Ертіс» командасында бақылаудан өтіп жатыр. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Испаниялық жартылай қорғаушы бұған дейін Қазақстан премьер-лигасында «Қайраттың» намысын қорғаған. 2014-2016 жылдар аралығында 41 ойынға қатысып, 4 голдың авторы атанған. Өткен жылдың тамыз айында Польшаның «Шленск» ұжымымен келісімшартқа отырған болатын.
Футболшылық ғұмырында Испанияның «Барселона», «Эспаньол», Грекияның «Пантракикос», «Панионис», Украинаның «Черноморец» клубтарында ойнаған.
Кеше «Ертіс» пен «Трепча-89» арасындағы жолдастық кездесуге қатысқан. Мәліметтер бойынша, жақын арада ол павлодарлық клубпен келісімшартқа қол қояды.