• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2017

Медициналық сақтандырудың маңызы неде?

239 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамында міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді тапсырғаны мәлім. Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да медициналық сақтандыру жүйесіне тоқталып, алдағы атқарылар шаруалардың бірқатарын тілге тиек етті. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халықты ақпараттандыру үшін журналистермен жиын өткізіп, аталған жүйенің мәні мен маңызын кеңінен түсіндірді. Міндетті медицина­лық сақ­­тан­дыру жүйесі (ММСЖ) биылғы 1 шілдеден бас­тап қол­даныс­қа енеді. Жаңа жүйе мем­лекет пен жұмыс беру­ші және азаматтардың ден­сау­лық сақтау саласында жұ­мы­­лып жұмыс жүргізуі­не негіз қаламақ. Жұмыс беру­ші­­лер­дің қызметкер­лері үшін төлей­тін міндетті меди­ци­налық сақтандыру жар­на­сы­­ның мөлшері азайтылды. Себебі, бұған дейін 2017 жыл­­дың жазынан бастап міндетті сақ­тандыруға жалақы­ның 2 пайызын, кейін бірте-бірте көтеріп, 2020 жы­лы 5 пайызын аудару жоспар­ланған болатын. Енді жаңа заң жобасы бо­йынша, 2017 жыл­дың 1 шілдесінен – 1 па­йыз, кейін 2022 жылы 3 па­йызға дейін көтерілмек. Сон­­дай-ақ, жаңа заң жобасы бо­йын­ша өзін-өзі жұмыспен қам­титын аза­мат­тар, яғни жеке кәсіпкерлер және азаматтық құқық шарттары бойын­ша кіріс алушылар, басқа да жеке тұлғалар үшін 2017 жылдың 1 шіл­десінен бас­тап бірден кірісінің 5 па­йы­зын қорға аудару көзделген. Ал қарапайым қыз­мет­кер­лер жарнаны тек 2019 жылдан бастап төлейді. Айта кететін тағы бір жайт, қорға жарна төлеуден аза­­мат­­тардың 15 санаты босаты­лады. Олардың ішін­де «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен мара­патталған көп балалы аналар, Ұлы Отан соғы­сы ардагер­лері, мүгедектер, жұмыссыз ретін­де тіркелген азаматтар, ин­тернат мекемелерінде оқы­тылып, тәрбиеленіп жат­қан тұлғалар, сондай-ақ, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру мекемелерінің күн­дізгі бөлімдерінде, жо­ғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер бар. Бұдан өзге жарна төлеуден бала тууға, бала асы­рап алуға және 3 жасқа дейінгі бала күтіміне бай­ланыс­ты де­малыстағы тұл­ғалар, жұмыс істе­мейтін жүк­ті әйелдер, іс жүз­інде 3 жас­қа дейінгі баланы тәр­биелеп отырған жұмыссыз аза­маттар, зейнеткерлер, әске­ри қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері, ең төменгі дең­гейдегі қауіпсіздік меке­ме­ле­рін есептемегенде, сот ше­шімімен қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде айыбын өтеушілер, уақытша ұстау изоля­торлары мен тергеу изо­ля­торларындағы аза­мат­тар босатылады. Сарап­шылар мін­детті сақтан­дыру арқылы қызмет сапасы артып, меди­ци­налық мате­риалдық-техникалық база жақсарады дейді. «Кез келген азамат сапалы меди­циналық қызмет алғысы келеді. Кез келген дәрігер жаңа технология, осы заманғы қондырғының бол­ғанын қалайды. Міне, осының барлығын медициналық сақтандыру қоры шешуге тиіс. Айтпақшы, қызмет құнын тым қымбаттатқан жекеменшік емханалар саны азаяды. Міндетті жар­на­ңызды уақтылы төлеп отыр­саңыз бол­ға­ны. Қалға­ны емдеу меке­ме­сі мен қор­дың шаруасы. Қаржы ауда­рыл­­ған соң, олар сапалы қыз­­мет көрсетуге мін­дет­ті», дейді Дүниежүзілік банк жоба­сы­ның халықаралық кеңесшісі Гинтарас Кацявичус. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік банк сарапшылары 57 елдің тәжірибесі ескерілген заң жобасын 3 жыл көлемінде дайындап, тиімді модель ұсынғандарын алға тартуда. Салыстырмалы түрде алар болсақ, Францияда халық жалақысының 16 пайызы жарна түрінде ұсынылса, Италияда бұл көрсеткіш – 13, Нидерландыда – 9, Жапонияда 7 пайыз. Сонымен қатар, Францияда халықтың – 80, Германияда – 90, Бельгияда 98 пайызы ММСЖ-мен қамтылып отыр. Әлемдік тәжірибеде тиімділігі дә­лелденген сақтандыру жүйесінің елімізге де берері мол. Алайда, жаңа жүйеге күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Олар тоқсаныншы жылдардың кебін кимесек болғаны деп есептейді. Осыдан жиырма жылдай бұрын елімізде міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылған болатын. Бірақ ол түрлі себептермен аяқсыз қалды. Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да ММСЖ жайлы айтылып, оның денсаулық сақтау саласына қаншалықты тиімді екені баяндалады. «Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негіз­делген ММСЖ енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу­шыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсы­нылады. Оған халықтың әлеу­меттік әлсіз топтарының қа­тысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек. Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет», делінген Елбасы Жолдауында. Жақында Сенат қабыр­ға­сында өткен жиында коммер­ция­лық емес «Әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру қоры» АҚ төрағасы Елена Бахмутова медициналық сақтандыру қорына төлем жасаушылардың жыл­­дық қаражатын тілге тиек етті. «Жалпы алғанда, жұ­мыс беруші жылына бір қыз­мет­керге 30 550 теңге төлесе, қызметкердің өзі 20 470 теңге көлемінде, жеке кәсіпкер 35 560 теңге және жұмыссыз топ 17 818 теңге, ал мемлекет зейнеткерлер мен мүгедектерге, өзге де әлеуметтік жеңілдігі бар жандар үшін 71 160 теңге төлейтін болады», дейді ол. Иә, «екі аяқтың қадірін ақсағанда білерсің, отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің» деген сөзді қазақ бекер айтпаса керек. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмасы анық. Сондықтан басты байлықты басты назарда ұстаған абзал. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»