• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Ақпан, 2017

Қазақ тарихын жапондар зерттеп жатыр

295 рет
көрсетілді

Соңғы кездері қазақ тарихына қатысты әр елден мұрағат құжаттары табыла бастады. Бертінге дейін Қазақ хандығының Чиң патшалығымен болған қарым-қатынас мәселелері ұзақ уақыт жұмбақ болып келгені белгілі. Кейінгі уақытта осы жұмбақтың түйіні тарқатыла бастады. Сөйтсек, қазақтың тарихын зерттеуге жапон ғалымдары әлдеқашан ден қойған екен. Бейжің Орталық ұлттар университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділашымұлының айтуынша, жапон ғалымдары бұл тақырыпты әлдеқашан еңсере бастаған көрінеді. – Жапонияда аға буын ғалым­дардан алдымен Сагучи Торуды айтуға болады. Тарихшы ғалым Қазақ хандығы мен Чиң патшалығы қарым-қатынасы туралы іргелі зерттеу мұраларын жазып қалдырды. Қазір қазақ тарихын зерттеп жүргендерден Уяма Томохико, Нода Джин, Онума Такахиро, Акасака Цунэаки қатарлы ғалымдарды айтуға болады. Уяма Томохиконың «Қазақ тарихы: тарихи пайымдаудағы сақталған мәселелер негізінде» атты мақаласы бар. Меніңше, бейтараптық тұрғыдан тамаша жазылған еңбек. Ал соңғы екі ғалым болса Қазақ хандығы мен Чиң патшалығы қарым-қатынасына байланысты зерттеу­лермен тікелей айналысып жүр. Екеуі бірлесіп ағылшын тілінде жазған «Қазақ сұлтандарының Чиң патшалығына жазған хаттары» атты еңбегі 2010 жылы баспадан шықты. Оған 13 дана қазақша құжат енгізілген. 2011 жылы Нода Джиннің «Ресей-Чиң империясы және Қазақ хандығы» атты жеке монографиялық еңбегі жарық көрді. Өткен жылы осы кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы да оқырман қауыммен жүздесті. Дүйсенәлі Әбділашымұлының айтқанынан аңғарғанымыз, осыдан үш жыл бұрын Онума Такахироның «Чиң патшалығы және Орталық Азия сахарасы: көшпелілер әлемінен империя іргесіне қарай» атты моно­графиялық еңбегі жарық көріпті. Жапон ғалымының ғылыми мақалаларының ішінде 2006 жылы жарияланған «Чиң патшалығы мен қазақ билеушілерінің саяси қарым-қатынасы хақында – Орталық Азия Ежен-Албатұ қатынасының дамуы» атты мақаласының да шоқтығы биік көрінеді. Аталған мақалада қазақша, тот-моңғұл тіліндегі құжаттар негіз етіліп, қазақтар мен Чиң патшалығы арасындағы қарым-қатынас жөнінде жаңа ғылыми көзқарастар ортаға салынған көрінеді. Ұларбек НҰРҒАЛЫМ, «Егемен Қазақстан»