Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына арналған брифинг өтті. Оған белгілі ғалым, экономист, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов, Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Әли Әбішев пен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбеков қатысты.
Брифингте ғалымдар Елбасы Жолдауындағы білім және ғылым мәселесіне қатысты өз пікірлерін білдірді.
– Бүгінгі күнде Қазақстан халқы үшін көптеген бағдарламалар іске асырылып келеді. Біз, ғалымдар қауымы Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында атаған бастамаларын толықтай қолдайтыны туралы мәлімдейміз. Президент өзінің Жолдауында елімізге дамыған 30 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік беретін келесі маңызды бағыттарға екпін берді. Олар – экономиканы қарқынды түрде технологиялық жаңғырту, дәстүрлі негізгі салаларды дамыту, еңбек нарығын жаңғырту, макроэкономикалық тұрақтылық; адами капиталдың сапасын көтеру, институттық түрлендіру, қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлықпен күрес, – деді Р.Алшанов.
Сонымен бірге, ол Президент бастамаларының қазіргі заман талаптарына сай екенін, оның Жолдауда ең алдымен білім беру жүйесінің рөлін өзгертуге ерекше назар аударғанын атап өтті. «Мемлекет басшысы Жолдауда ІТ-білім, қаржылық сауаттылықты қалыптастыру мен патриоттық тәрбиенің өзектілігін атап көрсетті. Мұның барлығы жастардың бойында мемлекетіміздің жаңа даму кезеңінде қажетті, өмір үшін маңызды жаңа дағдылар мен қабілеттерді қалыптастырады. Білім беру жүйесінде ІТ-саланың қарқынды дамуы және мұғалімдер біліктілігінің жоғарылауы қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының айырмашылығын азайтуға септігін тигізері айқын», – деді ол.
Кездесуде Әли Әбішев жастар үшін ең маңызды мәселе – жұмысқа орналасу мәселесі екенін, осыған байланысты Елбасы өз Жолдауында жұмыскерлердің жаңа заман салаларының мамандықтарына көшуі үшін қолайлы жағдайлар жасау міндетін қойғанын айтты. Осыған орай ол өзі қызмет ететін Атырау мұнай және газ университетінде дуалды оқу бағдарламасының жүргізіліп жатқанын мысалға келтірді. «Президент еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеу қажеттілігін атап өтті. Біздің білім ордасы студенттердің бос уақытында жұмыс істеп, тәжірибе жинауына мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, біз студентті оқытып қана қоймай, оны кәсіби маман ретінде тәрбиелеп, өз ісінің нағыз шеберіне, маманына айналдыру үшін жұмыс жасап жатырмыз», – деді ол.
Ал Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Жолдаудағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының мәні мен маңызын айтып, болашақта еліміз ақпараттық жағынан дамыған, ең озық мемлекеттердің қатарынан көрінгісі келсе, қазірден бастап жер-жерде, ел-елде интернет жүйесін жетілдіру керектігін атап өтті.
Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»