Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев пен сенатор Әли Бектаев Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс бабындағы сапармен болды.
Сенаторлар Созақ ауданында болып, аудандық мәслихат депутаттарымен, ардагерлермен және жастар ұйымдарының, шағын және орта бизнестің өкілдерімен, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен кездесті.
А.Бейсенбаев жұртшылықты Президент Н.Назарбаевтың конституциялық реформалар туралы айтқан бастамасы туралы хабардар етті. Сенатор Үкіметті жасақтаудағы және оның қызметін бақылаудағы Парламент рөлін күшейту туралы айта келіп, Қазақстанның саяси жүйесі «мықты Президент, беделді Парламент, есепті Үкімет» тұжырымдамасына негізделетінін атап өтті.
Сенатор Әли Бектаев Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай экономикасы өркендеген және алдыңғы қатардағы 30 елдің қатарына ену жөніндегі бес басымдық туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі.
Депутаттар Бәйдібек және Отырар аудандарында да болып, Арыс және Кентау қалаларына аттанып кетті.
* * *
Сенат депутаттары Мұхтар Алтынбаев, Икрам Адырбеков және Ләззат Қиынов Алматы қаласында еліміздің Қарулы Күштері Аэромобильді әскерінің басшылығымен және жеке құрамымен кездесті.
Шара барысында билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі реформалар, сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» халыққа Жолдауының негізгі міндеттері талқыланды.
Сенатор М.Алтынбаев Үкіметті жасақтау және оның қызметін бақылаудағы Парламент рөлінің күшеюі, сондай-ақ, билік тармақтары өкілеттіктерін қайта бөлу туралы әскери қызметкерлерді хабардар етті. Одан басқа, Президент Жолдауындағы бес басымдық пен кешенді міндеттерді іске асыру барысы талқыланды.
Әскери қызметкерлер Мемлекет басшысының стратегиялық жоспарларына қолдау білдіріп, Президент бастамалары мен әскери қызмет мәселелеріне қатысты сенаторларға бірқатар сауалдар қойды.
* * *
Парламент Сенатының депутаты С.Ершов Теміртау қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде елімізді жаңғыртуды нәтижелі жүзеге асыру және одан әрі демократияландыру үшін бірінші кезекте қоғамның ауқымды қолдауының, сондай-ақ, мемлекет пен қоғамның күш біріктіруінің қажет екендігін атап өтті.
Сенатор «Арселор Миттал Теміртау» АҚ еңбек ұжымымен, мәслихат депутаттарымен, мемлекеттік органдар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерімен, «Әлем» балалар мен жастар орталығының қызметкерлерімен, сондай-ақ, жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі алдағы реформалар, Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының басты бағыттары талқыланды.
С.Ершов Үкіметті жасақтау мен оның қызметін бақылаудағы Парламенттің рөлі ұлғаятындығы, Парламент пен Үкіметке Президенттің қандай өкілеттілігі берілетіні, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органдары қызметінің құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіру жайында жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар, Президент Жолдауының бес негізгі басымдықтары мен алда тұрған кешенді міндеттер де талқыланды.
* * *
Парламент Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті.
Сенатор кездесу барысында билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу туралы реформалар мен Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы басым міндеттерді түсіндіруге орай әңгіме өткізді.
Президент Жолдауындағы бес негізгі басымдықты талқылай келіп, сенатор елімізді жаңғырту және одан әрі демократияландыру үшін ең алдымен ауқымды қоғамдық қолдау және мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіру қажет екенін атап өтті.
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер қауымы қолға алынған реформалардың маңыздылығы мен уақытында жүзеге асып жатқанын атап өтті.
* * *
Сенат депутаттары Ертарғын Астаев пен Мұратбай Жолдасбаев Жамбыл облысында жұмыс бабындағы сапарда болды. Сенаторлар Қордай ауданындағы Отар және Қарасай ауылдарында кездесулер өткізіп, ауыл тұрғындарына билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі реформалардың маңызын түсіндірді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауынан туындайтын басым міндеттер туралы хабардар етті. Депутаттар конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыда қолдау, Парламенттің заң шығару қызметі жөніндегі жоспарлары туралы әңгімеледі. Е.Астаев өз сөзінде елімізді одан әрі жаңғыртудағы, жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқаруды дамытудағы алдағы міндеттерге тоқталды. Аймақты әлеуметтік дамыту және инновациялық экономиканы қалыптастыру жөніндегі міндеттерге баса назар аударылды.
Сенаторлар Жамбыл ауданындағы Аса ауылында аудан активімен кездесті. Талқылау барысында жария етілген бағдарламалық құжаттың маңыздылығы атап өтілді. Кездесуде Сенат депутаты М.Жолдасбаев Президенттің Жолдауы Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену жөніндегі міндеттерді орындауды көздейтінін атап өтті.
* * *
Парламент Сенатының депутаты Серік Жақсыбеков Астана қаласында кездесулер өткізді. «Astana Solar» ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесіп, Президент Н.Назарбаевтың конституциялық реформалар жөніндегі Үндеуін түсіндірді.
Сондай-ақ, көпшілікпен Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауының ережелерін талқылады. Бұл кәсіпорын елімізде алғаш рет отандық кремний негізінде фотоэлектр тақталарын өндіруді қолға алған болатын.
Сенатор С.Жақсыбеков «Астанаэнергосервис» АҚ-та да болды. Онда еңбек ұжымы Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларымен жақсы таныс екенін көрсетіп, оны талқылауда белсенділік танытты.
Депутат Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты. Мемлекеттік билік жүйесін реформалау, оның ішінде Президент өкілеттіктерін қайта бөлу мен Үкіметтің қызметін бақылау жөніндегі Парламенттің рөлін күшейту туралы мәселелер талқыға салынды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.