• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2017

Алтын медаль саны 11-ге жетті

219 рет
көрсетілді

Галинаның екінші алтыны, Аннаның бесінші медалі...

Алматының күллі спорт аума­ғын думанды дүбірге тол­тырған универсиада­шы­лардың қарқыны жарыстың оныншы күнінде де еш бәсеңдемеді. Олай дейтініміз, күн аралатып сайысқа шыққан биатлоншылар жанкүйерлерін қызық ойындарымен тамсан­дыруын қоймады. Қазақстандық биатлоншы Гали­на Вишневская 12,5 шақы­рым қа­шық­тықтағы масс-старт­та өзін тағы да жақсы қырынан көрсетті. Нысана көздеп мылтық ату­дың төрт шебінде бір-ақ рет қате­лес­кен Галина Вишневская бұл қашық­тықты 36:15.4 минутта жүгі­ріп өтті. Күміс – украин қызы Ян Бондарьға, қола ресейлік Лари­са Куклинге бұйырды. Тағы бір биатлоншы қызы­мыз Елизавета Бельченко жақ­сы жүгіргеніне қарамастан, ныса­на көздеуде үш рет сүрініп, төртін­ші орында қалып қойды. Құра­ма­ның өзге биатлоншылары Алек­сандра Сасина масс-стартты 13-ші, Анастасия Кондратьева 15-ші орынмен аяқтады. Қазақстанға зарыға күткен ең бірінші алтынды алып берген Али­на Райкова, тіпті... жарыстан шығып қалды. Ондай қызық та болады екен! Қазақстан құрамасының онын­шы күнгі қоржынға салған 11-ші алтын медалінің бар сыры мен жыры осылай болып түйінделді! Өткенде жазғанымыздай, Анна Шевченко туралы жақсы мағынада айтсақ, шынында да бұл сары қыз «шаршамайды» екен! ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Уни­вер­сиадада бір өзі мойнына бес медаль тақты. Бір алтын, бір кү­міс, 3 қола! Шаңғы­мен жүгіру­ден өт­кен 15 шақы­рымдық масс-старт­та ең алғаш­қы күнгі бәсе­ке­­дегі сияқты Анна­ның жолын әдет­­тегі­дей ресейлік бәсеке­лес­тері Лилия Васильева (алтын) мен Анна Нечаевская (күміс) кесті. Ерлер арасында бұл қашық­тықта бірінші орынды француз спортшысы Жоути Баптисте­ге берген Роман Еремин күміс, Ан­тон Пантов қола медаль алды.

Корея шорт-трекшілері шаңға көміп кетті

Қазақ жанкүйерлерінің жарыс басталған алғашқы күннен күт­кені шорт-трекші жігіттердің жары­сы мен алтыны еді! Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының мұз айдынында 1500 метрлік жарыста барлық медальды кореялық спортшы­лар­ға беріп қойған қазақстан­дық спорт­шылар келесі күнгі 500 және 1000 метрлік айналым­дар­да жүл­де салады деген үміт бол­ған. Спорт­­шылармыздың уәде­лері жан­күйер­лердің бұл ойымен үй­ле­се­тін­дей жөні бар. Жастар ара­­сын­дағы чемпионаттар мен Әлем кубогы кезеңінің жүл­дегер­лері Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишаның, Нұрберген Жұма­ғазиев пен Айдар Бекжановтың шеберлігіне сенгендейміз. Алайда, кореялық шорт-трек­шілер қандай қашықтыққа болса да жол талғамайтындықтарын бірден көрсетті. Өткен жылы Солт-Лейк-Сити (АҚШ) қаласында Әлем кубогы­ның кезеңдік жарысында 500 метрлік жарыста алтыннан алқа таққан Абзал Әжіғалиев Алма­ты­дағы 500 метрлік жарыс­та күміс медальды қанағат тұтты. Шүкір! ...Сағатына 50 шақырымдық жылдамдықпен құстай ұшқан Нұрберген Жұмағазиев мәре сы­зы­ғын бірінші болып қиып өт­­кені­мен, дисплейге бас алмай үңіл­ген төрешілер қазақ шорт-трек­ш­ісін ойын тәртібін бұзғаны үшін жа­рыстан шығарып тас­та­ды. Бұл Нұрбергенге екі күн­де жа­са­лын­ған екінші өте қатаң ескерту. Нұрбергеннің айдындағы жолы осылай кесілді. Финалдық жарыста 1000 метр­ге жүгірген Айдар Бекжанов пен Денис Никиша үмітіміз­ді ақтай алмады деуге келмес... Жа­рыс­ты тәп-тәуір бастаған жітіт­­терім­із соңғы айналымдарда корея­­лық екі спортшыдан қалып қой­ды. Денис қолаға қол жеткізді, Айдар 4-ші орында қалды. Алдымызда – 5000 метрлік жарыс.

Қолдағы алтын қолаға қалай айналды?!

Шорт-трекші қыздарымыз 500 және 1000 метрлік қашық­тық­та жүгіруден жүлдесіз қал­ды. Алайда, 3 мың метрлік ко­ман­­­далық эстафетада төрт елден қатыс­қан әрбір 4 спортшы сайы­­сында біз­дің Мәдина Жан­босынова, Ким Лонг А (Әлия), Анита Нагай, Анаста­сия Крес­това абырой болғанда, қола жүлдеге қол жеткізді! Міне, қазір ерлер арасындағы 5000 метрлік жарыс басталып кетті. Жасырмаймыз, үмітіміз – алтын! ...Алдымызда 39 айналым бар. Қазақстан шорт-трекшісі Абзал Әжіғалиев әдеттегідей 4-ші орында сынаптай сырғып келеді. Орта шеңберде дайын жүрген эстафета қолдаушылары да жан-жағын жіті қадағалап, жүгіріп дем беруде. Өте мұқият болмаса, эстафе­талық бұл ерекше жарыста қолдағы бардан қас-қағым сәтте айырылып қалуымыз мүмкін. Жігіттеріміз әзірге өте жинақы. Міне, басталды... Соңғы айналымдар. Жан­күйер­лерге де жел бітті! Зал ішіндегі айқайдан құлақ тұнады. Біздің жігіттер үшінші позицияға шықты! Жарыс шиеленісе түсті. Алдымызда 10 айналым... Жігіт­тер құстай ұшты! Эстафетаны қабылдаған бой­да соңғы айналымға шыққан Нұр­бергенді қытай спортшысы иықтан қақты. Нұрбергеннің тағы да жолы болмағаны ма?! Қап! Төрешілер ұзақ кеңесті! ...Көш бастап келіп ақтық сәтте Қазақстан шорт-трекшілері үшінші орында қалды. Төрешілер шешімі осындай. Дайын мәзірге әзір бола қалған Қытай шорт-трекшілері ой­ла­маған жерден бірінші орын­ға шықты. Екінші орын – Ресей­де. Абзал Әжіғалиев, Айдар Бек­жанов, Денис Никиша, Нұртілек Қажғалиев пен Нұрберген Жұма­ғазиев тобы Қазақстанды үшін­ші орынға көтерді. Корея спорт­шылары тәртіп бұзғаны үшін жарыстан шығарылды. Қолда тұрған алтын қарап тұрып қолаға айналды да кетті... Әттең, әттең! Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ