XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада жарысын қадағалауға әлемдік спорт федерацияларының өкілдері де атсалысты. Себебі, түсінікті – сайыс әділ өтуі керек. Сондай мақсатпен шорт-трек бойынша Халықаралық конькишілер одағының (ISU) ресми өкілі Стойчо Стойчев те Алматыға арнайы келді. Болгариялық маман бізге берген сұхбатында Универсиадада талап барлығына бірдей болғанын тілге тиек етіп, сонымен қатар, Қазақстан спортшыларының деңгейі туралы пікір білдірді.
«Мен Қазақ елін қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыра алғанымен құттықтаймын, – деп бастады әңгімесін С.Стойчев. – Бұл сөз жоқ сіздер үшін үлкен абырой. Мен ISU-дің өкілі ретінде Олимпиада ойындарына, Универсиада жарыстарына талай рет бардым. Көп дүниені көзіммен көрдім. Сондықтан ұйымдастыру жағынан сіздер ешкімнен кем түспедіңіздер деп толық сеніммен айта аламын. Сайысқа келсек, барлығы ереже бойынша өтті. Қателік жасағандар жарыстан шығарылды. Себебі, талап спортшыларға бірдей қойылады. Бұл жерде өздеріңіз көргендей, Қазақстан тарапынан да жазаланғандар болды».
«Бүгінде конькишілеріңіз жақсы нәтиже көрсетіп келеді, – деп сөзін жалғастырды мәртебелі мейман. – 2014 жылы Сочи Олимпиадасында үздік бестікке кіріп, мамандардан оң баға алғандарыңызды білеміз. Соңғы екі жылда Қазақстан Нидерланд елінің конькишілерімен тығыз байланыс орнатты. Нәтижесінде, АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Әлем кубогы жарысында Абзал Әжіғалиев 500 метр қысқа қашықтықта жеңімпаз атанды. Енді, міне спортшыларыңыз күміс және қола медаль алып, қысқы Универсиаданың жүлдегерлері атанды.
Дегенмен, сіздерге қыздар құрамасының да деңгейін көтеру қажет. Бүгінде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген Нидерланд, Оңтүстік Корея секілді елдердің бағдарламасы бойынша жаттығу керек. Тіпті, сол елдің білікті мамандарын шақырсаңыздар да артықтық етпейді».
Жазып алған Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан»