• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2017

Ауыл мұғалімінің ахуалы алаңдатады

151 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 19 қаңтардағы №12 санында Ауыл мұғалімінің ахуалы» атты мақаланы көзіміз шалды (авторы – Темір Құсайын). Бұл мақала ұстаздар қауымына үлкен ой салды. Шындығында, әлеуметтік мәселесі шешілмеген мұғалім қалай алаңсыз еңбек етеді? Еңбекақы көлемін арттыру мемлекет қазынасына қиынға түссе де, әлеуметтік жағ­дайына қарайласуға болар еді. Жасы­ратыны жоқ, Кеңес Одағы кезінде ұстаздар қауымының мәртебесі де, тұрмыс-тіршілігі де жоғары болды. Мәселен, мұғалімдерге ай сайын 44 квт/сағ. электр энер­гия­сы, сондай-ақ, жылына 5 тонна көмір берілетіні есімізде. Осы ретте еліміздің отын мен энергетика орталығы саналатын Павлодар облысы аумағында жергілікті білім саласының қыз­меткерлеріне жоғарыдағы әлеуметтік жеңілдіктер мен көмек­терді ұсынса әжептәуір серпіліс туғызар еді. Тағы бір өзекті мәселе, кезінде Павлодар облысының мұға­лімдер білімін жетілдіру институты жанынан педагог мамандардың денсаулығын түзеуге бағытталған «Ағарту» атты профилакторий болып еді. Аталған орталықта мұғалімдер кәсіподақ арқылы тегін ем-дом алатын. Яғни, білімін жетілдіру курсына барған мұғалімдер қауымы денсаулықтарын да түзеп қайтатын. Қазір бұл мекеме жекенің қолына өтіп басқа салада қызмет көрсетеді. Ал бүгінде орталыққа білімін жетілдіруге барған мұғалім екі апта, кейде бір ай уақыт бойы пәтер жалдап, жатын орын іздеп жүруге мәжбүр болып отыр. Жуырда Білім және ғылым министрлігі жаңа форматта оқыту бағдарламасын қа­былдап, мұғалімдерді түрлі курстарда оқытуға Үкіметтен қыруар қара­жат бөлініп жат­қа­нын жариялады. Осы арада әлгі қиындықтарды есепке алып, тиімді шешудің жолдарын қарастыру керек деп ойлаймыз. Сондай-ақ, ұстаздардың зейнеткерлік жасы да қайта қа­рауды қажет етеді. Мысалы, жұ­мысы қауіпті әскерилер мен ішкі істер органдары қыз­­меткерлерін 45 жасында зейнетке шығаратыны бел­гілі. Сол сияқты мұға­лім­дер қауымының да жұ­мысы же­ңіл емес. Олар күн­делікті фи­­зикалық және психо­ло­гиялық тұрғыдан ерте қажи­тын мамандық иелері. Яғни, мұғалім қызметін саралап, арнайы зерттеулер жүр­гізіп, қо­рытынды жасайтын уа­қыттың келгені анық. Абай ИКЕШОВ, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев атындағы орта мектептің биология және химия пәндерінің мұғалімі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылы