Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ғимаратында 300-ден астам тұрғын «Ашық әкімдік» қабылдауында болды.
– Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша мұндай шара бізде алғаш рет өткізіліп отыр. Бүгінгі жүздесудің тәжірибесін ескеріп, алда да мұндай ашық қабылдау күндерін ұйымдастырамыз, – дейді Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов.
Үш сағатқа созылған қабылдау бүгінгі қоғамның ең басты сұранысын да анық көрсетті: облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен облыстық жер қатынастары басқармасына жолығу үшін келушілер ұзын-сонар кезекке тұрды.
Кейін мәлім болғандай, кеңес алуға келген 311 адамның 58-і облыстық жер қатынастары басқармасына, 43-і облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына, 20-сы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, 16-сы денсаулық сақтау басқармасына, 13-і құрылыс пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолыққан екен. Бұл шараға барлығы 34 мекеме-ұйым басшылары мен мамандары қатысып, халықпен тікелей жүздесті. Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі түрлі мұң-мұқтажы, арыз-шағымы бар қалалықтармен бетпе-бет кездесіп, олардың көптеген сұрағына жауап берді.
– Менің ұлым он жылдан бері пәтер кезегінде тұр, өзімнің жер кезегіне тіркелгеніме 13 жылға аяқ басты. Балам денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Міне, жеті жылдан бері отбасымен, екі баласымен пәтер жалдап тұрады. Бүгінгі кездесуден үй кезегі жеткенін естіп, қуанып тұрмын. Қала әкімі биыл көп қабатты 7 үй құрылысы басталғанын айтып отыр. Жалпы, мұндай ашық есік, тіке қабылдау ұйымдастырылғаны өте дұрыс болды, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Гүлжан Меңдіғалиева.
Мемлекеттік органдардың тұрғындарға көрсететін 172 қызмет түрі болса, 2016 жылы Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдар 2,2 млн мемлекеттік қызмет көрсеткен екен. Оның 281 мыңы электронды түрде, 58 мыңы ХҚО арқылы атқарылған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
ОРАЛ