• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2017

ОҚО әкімдігі ЮНИСЕФ-пен меморандумға қол қойды

190 рет
көрсетілді

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный мырзамен кездесіп, ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Кездесуде балалалардың тең мүмкіндіктер алуға құқығы, отбасы денсаулығын нығайту және әлеуметтік қолдау сияқты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, 2016-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰ Балалар Қоры арасындағы ынтымақтастық жоспары шеңберінде денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы ынтымақтастық бағыттары жөнінде пікір алмасылды. «Оңтүстік Қазақстан облысы туу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұрған өңір. Республикада туылған әрбір бесінші бала Күнгейде дүниеге келеді. Біздің аймақ жастарының көптігімен де ерекше облыс. Бүгінгі түзілген меморандум әлеуметтік қорғау салалары сынды маңызды бағыттардың мәселесін шешуге, сәйкесінше, балалар құқығының қорғалуына мұрындық болады деген үміттемін», - деді Жансейіт Түймебаев. Аталған ынтымақтастық құжаты аясында өңіріміздегі ана мен бала өлімін азайту, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында суицидке жол бермеу, балалардың жағдайын жақсарту мен құқықтарын қамтамасыз ету, балалар еңбегін қанаудың алдын алу, жетім қалған балаларға отбасы тәрбиесінің баламалы түрлерін енгізу, мүгедек балаларды айрықша қажетті заттармен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жоспарланған. Сондай-ақ, отбасы мен қоғамның әлеуетін нығайту, әлеуметтік және басқару саясатын әзірлеу де қарастырылған. Өз кезегінде, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы Өкілі Юрий Оксамитный мырза Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. «Біздің ынтымақтастығымыздың негізгі мақсаты – Оңтүстік Қазақстан облысындағы балалардың жағдайын жақсарту мен құқықтарын қамтамасыз ету, балалар еңбегін қанаудың алдын алу, ана мен балаға қолдау көрсетіп, олардың  құқықтарын қорғауды  іске асыру болып табылады.  Бұл бағыттағы жұмыстарды нығайту және ілгерілету жолында бірлесе жұмыс істеуге ниеттіміз», - деді Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Юрий Оксамитный. Айта кету керек, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) әр баланың құқығын жүзеге асыратын бейбітшілік құру ісіндегі жетекші ұйым болып табылады. Аталған қор әлемнің 190 елінде қызмет етеді.