Швецияның Бурос қаласында өтіп жатқан Golden Girl турнирінде Қазақстанның боксшы қыздары 3 алтын, 2 күміс және 6 қола медаль алды, деп хабарлайды Қазақстан Бокс федерациясы.
Турнирде алғашқы алтынға 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Елдана Тәліпова ие болды. Жас боксшы финалда ирландиялық Лорен Райанды бірінші раундтың 90-секундында-ақ төрешілер шешімімен жеңген болатын.
Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы 16 жастағы Надежда Рябец (69 келі) ақтық сында канадалық Чарли Каваноны жеңді. Ал турнирде үшінші алтынға Алматы облысынан шыққан 16 жастағы Гүзалия Садықова ие болды. Финалда ол тағы бір жерлісіміз Салтанат Естаевамен сынға түсті.
Рябец пен Садықова 2018 жылдың қыркүйегінде Буэнос-Айресте өтетін жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына қатысуға үміткер болып саналады.
Айта кетейік, Швецияның Бурос қаласында өтіп жатқан жарысқа әлемнің 22 елінен 254 спортшы қатысты.