• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

Мәдіғали Қарсыбеков: Діттегеніміз – Олимпиада жүлдесі

295 рет
көрсетілді

– Мәдіғали Әбдіғалиұлы, Универсиадада өнер көрсет­кен шәкірттеріңізге баға берсеңіз... – Күткен нәтижеміз орын­дал­маса да, барлығы ойдағыдай деп айтуға болады. Себебі, шорт-тректе миллиметрлер рөл ойнап кететінін ескерсек, шәкірттерімнің жеңіп алған ме­далы көңілді көншітеді. Біздің негізгі жоспарымыз – Әлем кубогы кезеңдерінде тәуір нәтиже көрсетіп, әлем чем­пионатына жолдаманы көбірек иемдену. Әрі қарай Олим­пиададан олжалы оралу. Басты мақсатымыз осы. – Жанкүйерлер сіздерден алтын күтіп еді... – Өзім де шәкірттерімнен алтын күттім. Алайда, жағдай басқаша өрбіді. Мүмкін бол­ған 8 алтынның алтауын корея­лықтар, екеуін қы­тай­лықтар жеңіп алды. Олар мұнда кілең мықтыларын әкелді. Сөйтіп, мық­тылығын тағы бір дәлелдеді. – Осындай нәтижемен Олим­­пиадада жүлде алу оңай­­ға соқпайтын сияқты. – Олимпиада тұғырынан көріну кез келген спортшының арманы емес пе?! Біз 2014 жылы Сочи Олимпиадасында үздік бестіктен көрінгеннен кейін, соңғы екі жылда Нидерланд елінің конькишілерімен тығыз байланыс орнаттық. Яғни, олармен бірге жаттығу жасау мүмкіндігіне ие болдық. Алға­шында голландықтар ешкіммен шеберлік бөліскісі келмейтіндіктерін бірден айтты. Алайда, спорт саласындағы басшыларымыз жақсы жұмыс істеп, көздеген мақсатымызға жетуге бар жағдайды жасады. Содан кейін тәжірибе жи­нақтала берді. Қазіргі дең­геймен Сочидегі деңгейді салыс­­тыруға келмейді. Сондай бір­лескен жаттығулардың ар­қасында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Әлем кубогында Абзал Әжіғалиев 500 метр қысқа қашық­тықта чемпион атанды. Коман­далық есепте де жақсы нәти­же көрсетіп, үшінші орын алдық. – Абзал Әжіғалиевтің же­ңісіне спорттан хабары бар жандардың барлығы қуанды десек артық айтқанымыз емес. Абзал туралы аз-кем ай­тып берсеңіз. – Кубок алдында Абзалға эстафетада сенім артқан едік. Ал 1000 және 1500 метрде Нұрберген Жұмағазиевтің, 500 метрде Денис Никишаның мүмкіндігі мол болды. Калгари қаласында өткен кубоктың алғашқы кезеңінде Никиша финалға дейін жетіп, төртінші орыннан көрінді. Әжіғалиев болса, үздік сегіздікке кірді. Араға бір апта салып, Солт-Лейк-Ситиде 54 спортшының арасынан Абзалға тең келер ешкім болмады. Ол төрт кезеңде де (1/8 финал, 1/4 финал, 1/2 финал және финал) бірінші келді. Сенесіз бе, одан мұндай көрсеткішті ешкім күткен жоқ. Кішігірім сенсация болды! Оның мықтылығы сол – қарсыласының қателігін күтіп, орайы келгенде шабуылға шығады. Соның арқасында ол жеңіске жетті. Оның бұл тәсілі 5000 метрлік командалық эстафетада көмегін тигізіп, қола медальға ие болдық. – Сонда Әжіғалиевке 500 метр қолайлы болып тұр ғой? – Иә, 500 метр оның қашық­тығы, ал 5000 метрді шыдамды жігіттер ғана жылдам жүгіріп өтеді. Бұл қасиет те оның бойы­нан табылады. – Әлем кубогы неше кезеңнен тұрады? – Кубок алты кезеңге дейін жалғасады. Бесінші кезең артта қалды. Германияның Дрезден қаласында өткен сайыста командамыздың екінші құрамы өнер көрсетті. Бұйыртса, соң­ғы кезеңнің жалауы Минск (Беларусь) қаласында желбі­рейді. Ол жаққа негізгі құрам­дағы жігіттермен барамыз деп отырмыз. – Бұл кубок сыны бізге не береді? – Әлем кубогына бір коман­дадан 6 ер, 6 қыз баланың қатысуға мүмкіндігі бар. Ал әлем және Азия чемпионаттары, Азия мен Универсиада ойындарына 10 (5-5) спортшыға дейін қатыса алады. Әлем кубогы кезеңдерінде коман­далық есепте үздік ондыққа кірсек, наурыз айында Роттер­дамда (Голландия) өтетін әлем чемпионатында толық құрамда өнер көрсете аламыз. – Негізгі құрамның ізін басатын жастарымыздың жағдайы қалай? – Бүгінде ерлер құрама­сы­ның жастары мақтауға тұрар­лық. Олар 2018 жылдан кейін негізгі құраманың мүше­лері атанатыны сөзсіз. Себебі, қ­азір­дің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Жақ­сыбаев, Қа­жығали, Шамұханов, Ғали­ах­метов, Сүлейменов сынды 18-20 жастағы сайдың та­сын­дай іріктелген шәкірттерім бар. – Ал қыздарымыздың жағдайы қалай? – Қыздардың көрсеткен нәтижесі көңіл көншітпейді. Соған қарамастан, Универ­сиадада қыздар құрамасы ко­мандалық есепте үшінші орын алды. Бұл жаман көр­сеткіш емес. Кұраманы күшей­ту үшін Оңтүстік Кореядан Ким Енг А деген спортшыны шақырдық. Ол Азия чемпионаттарында қатысып жүрген талантты қыз. 3000 метрде Кореяның чемпионы. Сондай-ақ, Крестова, Тихонова, Нагай секілді тәуір өнер көрсетіп жүрген спортшыларымыз бар. Бірақ, олардың ізін басатын жас­тарды дайындауымыз керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан» Алматы