• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

Ортақ ой – бір мүдде

277 рет
көрсетілді

Астанада «ИДЕЛ» татар және татар-башқұрт мәдени орталығы қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жиыны өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық этномәдени бірлестіктердің белсенділері, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі мен зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты. Жиын барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың конституциялық реформасына байланысты ұсыныстарды әзірлеу мәселелері, сондай-ақ, «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы талқыланды. Мәселен, отырысқа қатысушылар Жолдауда айтылған 5 басымдық қоғамдағы түйткілді де өзекті, күрделі мәселелердің шешімін табуға негіз бола алатынына тоқтала келе, оларда көтерілген әрбір мәселе кезең-кезеңімен жүзеге асырылса, мемлекеттің одан әрі дамуына, бәсекеге қабілетті болуына айтарлықтай ықпал ететінін жеткізді. Сондай-ақ, басқосуға қатысушылар билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мемлекет құрылымын жаңа заманға сай жүйелеуге алғышарт болатынын атап өтті. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің ой-пайымынша, мұндай өзгерістер Үкімет пен Парламенттің рөлін күшейтіп қана қоймай, оларға үлкен жауапкершілік жүктемек. Осы орайда, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу арқылы олардың арасындағы теңгерімділікті дұрыс сақтай білген жөн. Демек, егер биліктің әр тармағы өзінің жұмысын нәтижелі түрде атқаратын болса, мемлекеттік билік ойдағыдай қызмет етпек. Мұндай жауапкершілікті алдағы уақытта Парламент депутаттары айқын сезінетін болады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»