• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2017

Ақпан келген сайын...

267 рет
көрсетілді

Ақпан басталар басталмастан қа­ба­ғы жіби бастаған күнге, көбесі сө­гі­ле бас­таған қарға қарап: – Қазақтың есебімен ал­ғанда көктем кір­ді деген осы. Қаз келіп алды, өткенде екі қатар болып, ұшып өтті, – деді әкем. Мен Мұқағалиды ойладым: «Қанатының астында жаз жарысып, Қаздар ұшып келеді, қаздар ұшып...» Қаз келерден сәл бұрын өлең арқа­лап келетін ақпан ту­ған сайын Мұқағали тірі­ліп кел­гендей бір күй орнайды Қазақ даласында... 1973 жылдан былайғы өмі­рі­нің үш жылын аурумен... һәм өлең­мен өткізген Мұқағали әл­гі бір аңызға айналған бір ай­лық «жұмыс» кезінде Нұр­ғисаға айтыпты: – Менің өлеңнен басқа нем қалды? Басқа не істеймін... – деп. Көзі кеткен соң, бар шы­ғар­масын алдыңа жайып тас­тап отыра кетсең, ақиқатында ақынға өлеңнен басқа ештеңе керек емес екен-ау деп ойлай­сың... Біз нашарлаған ден­сау­лығының енді оңалмасын біл­ген соң, жазып қалуға тырыс­ты деп жүрміз ғой. Солай да шығар, бірақ, о бастан жанын күтіп, өзін сақтап әдеттенген адам болса, өміріне қатер төн­генін білген сәттен-ақ өлең­ді кейінге ысыра тұрар еді. Ақырғы күнінің таяғанын біл­ді, білмеді, мәселе онда емес, мәселе, оның өлеңсіз тұра ал­май­тын халге жеткенінде. Өзі қалыптап алған ғажай­ып әлем­нен шыққысы кел­мей­тін­дігінде. Бәлкім, былайғы өмірі бақыттырақ болса, аман қалу­дың жолын қарастырар ма еді... Бұл, қалай десеңіз де, мәнсіз болжам ғана. Ол өзі­нің ауруы жайлы меди­ци­налық кітапшадан жасырын оқып алыпты деген бір сөз бар. Ал, оның диагнозы – оңалмайтын, асқынған са­тысы деседі. «Күніне үш өлең, қалай да үш өлең», – де­гізген жанкешті еңбектің себе­бі осы болуы да мүмкін. Түн баласы аурухананың асханасын «жұмыс кабинетіне» айналдырып алатын ақынға, әлбетте, ескерту жасалатын. Мұндайда: «Өлең жазсам ауруымды ұмытып кетем. Мен өлеңмен емделем», – дейтіні жай ғана сөз емес, рас болатын. Ол жанын қажаған ауруды елемеуге тырысып бақты. Жантәсілім сөзіне айналған «Балаларым жас, бітпеген ша­­руа­­ларым көп еді» деген, жа­нының түкпірінен уілдеп тұрып алатын, жанына маза бермейтін сұрқай өкінішті өлеңмен тұншықтыруға барын салды. Өзіне көңілі толмай жүретін ақын, жазып болған соң ғана жадырап сала берер-ді. Содан кейін ғана тіршілік тіріліп, көз алдында жыбырлай бастайтын. Сонда ғана алдында тұрған азапты күн, әлдекімдердің алдындағы елеусіз, қадірсіз басы есіне тү­сетін. Жұмыссыздығы, ақ­ша­сыздығы жайлы көңілсіз ой­лар қайтадан иектейтін. Қай­­тадан түңіліс, қайтадан то­­рығу басталатын. «Сәлден кей­ін тағы да таң атады, тағы да сарыуайым, сарыуайым» тір­шілік – «Тез жетші, поэ­зия, алданышым» – түнге асық­ты­ратын. Барақат табар жан тынысы сонда ғана, түнде ғана. Оңашада ғана. Мұқағалиды «ақтаушылар» оның ел айтқандай емес, тәп-тәуір тұрмыс кешкенін айтатын болып жүр. Бұл да асыра сілтеу. Әлбетте, қол жайып, көшеге шығып кетердей күйге жеткен жоқ, десе де, жай­ма­шуақ­таймын деп тым кө­тер­ме­леп жіберуге де болмайды. Тіпті, қатарластарымен са­лыстырғанда, кедей тұрды деу­ге болады. «Өмірден тым болмаса екі жаңа костюм» кимей өтіп кететін болдым деп зар еңі­реген күнделігін көре тұра, мәй­пездей сөйлеу­дің реті жоқ. Басқаны қайдам, Мұқағали тек қана өлеңмен өмір сүр­ген­дей көрінеді де тұрады. Оның поэзиясындағы қарт­тар да, жеңгелер де, мейірімді адам­дар да оның қиялындағы идеал портреттер. Ол сомдаған қа­зақ­тың қарттары – сұм за­манға қайла таба алмағанмен, сол бір тар күндерде жаны қы­­сы­лып жүрген ұрпағына дана­гөй­лігімен, пейілімен демеу бер­ген, от берген тұлғалар. Аға­лары да оның қиялы қа­лып­қа тү­сір­ген жиынтық образ­дар. Бір ағасы қа­қаған қыста тау арасына жаяу тастап кетті, – бір шал құтқарып алды. Бір ағасы жалғыз құнанын соқаға жек­ті, ақыры зорықтырып өлтірді, – бір атасы қатарыңнан қалма деп Алла алдында сұраусыз атын алдына тартты. Бір аға­с­ы бригадирлігін істеп, күн ұзын азапты жұмысқа салып қойды, болдырып, отыра кеткен бір кезінде атасы келіп басынан сипады. Өткен мен бүгіннің арасындағы тар­тыстың санада таңбаланған су­реті – сол. Мұқағали өз ру­хани кеңістігінде жасап ал­ған осы бір әлемді шиырлайтын да жүретін. Сәл жабыр­қа­са қолына қалам алады, қо­лы­на қа­лам алса көңілі бұ­зы­­ла бас­тайды, ал, оны сол күй­реуік­тік­тен құтқарып алатын өткен уақыт кеңістігін дар-дар айырып, жылуын жо­ғал­т­пай жеткен әлгі аталар ала­қанының жып-жылы лебі еді. Мұқағали былайғы өмірде өзге­мен көп санасады. Білім, білік, өнер салыстырады. Іштей ғана. «Мен ақынмын ба?» – деп жиі сұрайтын дейді көз­­­көр­ген­дер, мұның өзі тек көңілді кездерінде ға­на болса керек. Өз айналасы не жа­зып, не бітіріп жүр, соның бәрін мұ­қият бақылап жүреді. Жеткізіп жаза алмасам жұрттың табасына қалам-ау деген ой құр­са­уынан бір шығармағанға ұқ­сайды: «Жырлап бір өте алмасам жыр еркені, Ақындар әжуалап жүрер тегі», – дейтіні бар. Бірақ, бұл өзіне қойған талап қана. Ал, жазу столына отырған сәттен бастап, ол өзін әлгіндей күдік, күмәннің бәрінен арылтып алуға барын салады. Бұл оған оңайға түспейтін де. Бір отырғанда өндіре жазып тастауға тырысатыны да әрең жеткен бабы мен еркіндік кеңістігіне өтудің қиындығын терең сезінгеннен. Өз табиғатын тани білген, болмысын сырттай бақылай алған шығармашылық иесі қандай мүмкіндікті де қалт жібермей, жазуға тырысады. Мұқағали – сондай ақын. «Өмір бер маған аздаған, Бақыт бер маған аздаған, Молынан ырыс беріп ең, Өртеніп кете жаздағам» – Мұқағали тағдырдан көп сұрамайды. Көп бермесін біле тұра сұрайды. Әлгі кемеліне келіп, тарлан ашқан шағына дөп келетін өнімді үш жылды парақтағанда тағ­дырын мойындаған, өмірдің алдында кішірейген, жеңілген ақынды көреміз. Оның бүкіл арман-аңсары ақыр соңында өлеңге келіп араша сұрайды. Күнделігінде тым құрыса он жыл өмір сұрап жалбарынады – поэзия үшін ғана. «Рахатқа белшемнен батпасам да, қалтам толы сорымнан арылайын» – ол айналасы өзін қалай қабылдайтынын, сыртынан нендей гәптер айтылатынын жақсы білетін, іштей мойындайтын да. «Осылар мені көріп тайып тұрады», – деп, арқырай күліп, қарап тұратын, «бара беріңдер, менің қасымнан көрсе зияным тиер», – деп жақсы көрген інілерінің арқасынан қағып, жөніне жүре беретін ақын дәл сол күйінде өмірден өтіп кетуден қорықса керек. Өзінің құрдастарын бо­лашақтан іздеуі де сәуегөйліктен гөрі өзі ойлап тапқан жұбанышы еді. Мұн­дайда оның қармайтын талы – Отан болатын. Мұқағали тү­сі­нігіндегі отан да өзі сияқты мұң­лы, нәзік ұғым. Сонысымен де құдіретті. «Сонау бір бала шақтарда, Қарлығаш қанат қаққанда, Шілдеде я ақпанда, Көз жасын маған көрсетпей, Отаным жылап жатқанда; Қарағай толы қапталда, Дәметіп болашақтардан, Қараушы ем атқан ақ таңға. Өшіруші едім өртімді, Бауырымды төсеп ақ қарға, Ақ қарға я мақпалға... Отаным жылап жатқанда». Сөйткен отанын «Сүйем деп байбалам салмаңдар», – дейді. «Жай ғана аяң­дар», – дейді. Оның өзін жұбатар тағы бір та­қы­ры­бы – бала шағы. «Есімде жоқ бала боп өсіп пе едім?..» – ойдан қажыған, та­­лас-тартыстан шаршаған ақын жұ­ба­­­ныш іздегенде бала­лық шағына ай­­налып соға бер­гісі келіп тұрады. Бала шақта бүкіл дүние алдағы күн­ге үмітпен ұмсындыратын. Көкжиектің ар жағында не бар деп, қыңқылдап, әжесін мазалайтын бала жүрек саусағын жайып алысқа талпынғанда да өмірден аларым көп деп сенді. Мұқағалидың бүкіл шы­ғар­машылығын (күнделік, проза, хаттарымен қоса) шолып шыққан адам оның күн өткен сайын, жасы ұлғайған сайын күйреуік жанға айналғанын көрер еді. Ол өмірді тым ерте танып алды. Оның сәбилігі сол, соны мойындағысы, сенгісі келмейтін. Қырық жамау үйді жылытып, сәл де болса шуақ тө­гіп тұрған титтей-титтей қы­рық күн – оның сүреңсіз өмірі­не сәуле жүгірткен, тоң­ған жүрегін жылытқан балалық ша­ғынан, жанының терең түк­пірінен жеткен леп болатын. ...Күлшесін қорғасынға айыр­бас­та­ған бала шағын айтса... Мұқағалидай соғыстың суретін берген ақын бар ма екен... Ол соғыс кезіндегі пенде­ші­ліктерге үкім айтпайды, айтса арыз­дан­ғандай болады. Сірә, осынша қасап кезінде де сондай қадамдарға бару­ға дәті барғандарға таңданудан аса ал­маған шығар. Өмірін өлеңінен бөліп қа­рамауды сұрайтын ақын­ның шығармашылығын шолып шықсаңыз, басқасын қай­дам, бала кездегі бейнесін қа­­пы­сыз ажыратуға бола­ды. Ақынның жанын әлде­бір түйсікпен керемет түсі­не­тініңізді се­зе­сіз. Ішкі бір дау­ыс мына шебер қол­дың ие­сі – қорғансыздау, өзіңіз ен­ген сарай­дай аңғал-саңғал, мәрт адам дейді, – қалтқысыз се­несіз. Ел айтып жүрген өсек-ғайбаттың барлығы да сана­­ңыз байыптаған алып тұл­ғаның жанында тым қораш, тым құнсыз көріне бас­тайды. Көл­денең сөздер расқа айналса да, сіз оны ақтап аласыз. Себебі, осы бір алып бойға сә­би жүрегін сыйдыра алмай, ала­сұрып өткен жақсы адамды жамандыққа қию мүмкін емес. «Отаны жылап жатқанда» ес тоқ­тат­қан, санасындағы алғашқы ырғақ қа­ра қағаз келген әкесін жоқтап, егілген сә­тінде пайда болған ақынның бала кезде көргені мен сезінгені оның бүкіл шығармашылығына ұласады. Өлеңінің әлқиссасын жоқтаумен, жылаумен бастап, өкінішпен аяқталуы да әу баста белгіленген тағдыры ма екен, кім білсін... Ақпан келген сайын, тірлі­гін­де кешкен бүкіл өкініші мен азабын сыпырып тастап, Мұқағали тіріліп келгендей болатыны несі екен... Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар