Жазушы Төлен Әбдіктің драмалық-психологиялық жанрда жазылған «Оң қол» әңгімесі оқырман қауымды қазақ әдебиетіндегі жаңашылдығымен селт еткізген шығарма болатын. Қостанайлық Жәнібек Кәрбозов өткен жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдарда осы шығарманы экрандауға бел буған екен. Сол еңбегін сәтті аяқтап шығып, диплом жұмысын қорғағанда комиссияның жақсы бағасын алды әрі білім ордасын үздік бітірді.
– Төлен Әбдік менің атам Кәкімжанның туыс інісі болады. Көзімді ашқалы үйде де, ауылда да Төлен атам туралы естіп, оның кітаптарын бала күнімізден оқып өстік. Бала кезде «Оң қол» әңгімесінен «қорқатынбыз». Төлен атамның осы шығармасының желісімен фильм түсіруге автордың өзінен рұқсат сұрадым. Ол кісі қарсы еместігін айтып, батасын берді, бұл арманыма қанат байлағандай болды, – дейді жас режиссер Жәнібек Кәрбозов.
Жәнібек фильмде әңгіме мәтінін сол күйінше алғанымен, ол шығарманың экрандық нұсқасына ешқандай нұқсан келтірмеген. Режиссер көп ізденістермен өзіндік шешімдер жасауға талпынады. 30 минуттық қысқа метражды фильм көрерменін баурап алады, ойландырады. Жазушы күнделікті тірлікте көз үйренбеген оғаштау оқиғаны әңгімелей отырып, оқырманын Алма арқылы өмірге ынтықтыра түседі. Режиссер де шығарма авторының осы ойын дөп баса білген.
– Экрандағы «Оң қолды» бейжай тамашалау мүмкін емес. Үрей мен үміт қос қанатыңа айналып, тылсым бір әлемге сапар шеккендей әсерге енесің. Бәрі шынайы. Төлен Әбдік осы туындысы арқылы оқырманына ой әлеміндегі жауапкершілігін сездірсе, Жәнібек оған жастыққа тән романтика, режиссерлік шешімін қосқан. Ол қыз бен жігіт арасындағы бейкүнә эпизодтарды сәтті бере білген. Әңгімеде Алманың анасы айтылса, кинода әкесі көрініс табады. Дәрігердің қолындағы «Әке» кітабы да кездейсоқтық емес, тұспал тәрізді. Сол арқылы Алманың өліміне кінәлі адамның сұлбасы көрінетіндей, – дейді киноның тұсаукесерін көргеннен кейін ой бөліскен журналист, ақын Абылай Мауданов.
Қазақ киносындағы драмалық-психологиялық жанрдың қарлығашы деуге лайық «Оң қол» бүгінгі күннің күйіп тұрған тақырыбының бірі – суицид мәселесін тұспалдап қоятындай. Алма неге өз қолының құрбаны болды? Әлде жақсылық бар жерде жамандық жүретіні, адам өз бойындағы жақсылықтың емес, жамандықтың құрбаны болатынын айтқысы келді ме? Көрермен ойы сан-саққа кетеді. Қайткенде де режиссер жазушының ойынан шығуға тырысқан.
Фильмде дәрігердің рөлін Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының актері Әсет Есжан, Алманың рөлін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 3-курс студенті Зухра Сайпи ойнайды. Екеуі де шынайылығымен көрерменін сендіре білген. Алманың әкесінің рөлін көрерменге Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінен жақсы таныс Ерболат Тоғызақов алып шықты. Фильмді музыкамен композитор Ұшқын Жамалбек көркемдеді. Айтпақшы, фильмді көргеннен кейін Төлен аға жас режиссердің талабына ризашылығын білдіріпті.
Ал Жәнібек Кәрбозовтың осыған дейін түсірген қысқа метражды «Боранды түнде» және «Кәусарым» фильмдерін көрермен жылы қабылдаған болатын.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ