Бүгінгі күні талқыланып жатқан конституциялық реформаны сарапшылар қалай бағалауда? Реформаның сапалық және мазмұндық толысуы мен Парламенттің іс жүзінде нығая түсуі үшін қандай іс-шаралар атқарылуы керек? Осындай сауалдарды негізге ала отырып, «КИПР» талдау орталығы мен «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы «Конституциялық реформалар аясында Парламент өкілеттігін кеңейту мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Талқылауға жіберілген конституциялық реформа тек билік тармақтарының ғана емес, билік органдарының ел тұрғындарымен байланысын нығайтатын елдің жоғары заң шығарушы органы – Парламентпен өзара теңгерімді қарым-қатынасын тиімді қарастыратын Қазақстандағы саяси жүйе құрылымы мәселесін қайтадан өзекті етіп отыр. Дәл қазіргі кезде кең ауқымда және жоғары жиілікпен заңдарға өзгеріс енгізетін Парламенттің бастамашылдығына қарағанда, атқарушы биліктің басымдығы байқалады. Ұсынылатын жаңа заңнамалық өзгерістерге байланысты халықтың наразылығын тудыратын жағдаятқа еліміздің қарапайым азаматтарының мүдделері ескерілмейтіндігі, Парламенттің өкілеттік қызметтерінің қажетті деңгейде жүзеге асырылмай отырғандығы негіз болды.
Парламент рөлін нығайтуға бағытталған бастама азаматтық қоғамның өкілдері мен сарапшылар тарапынан оң бағаланып отыр. «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская конституциялық реформаның мақсаты елді басқарудың тиімді, тұрақты, заманауи жүйесін құру екенін баса айтты. «Мұның негізінде әртүрлі салмақтағы мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының бір-бірімен айқын қарым-қатынасы жатқаны анық. Бастысы, теңгерім сақталуы тиіс», деді ол.
Мықты президенттік билік, беделді Парламент және нәтижелі Үкімет – конституциялық реформаның үш тағаны. Президент үшін билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың жоғары арбитрі, рөлі, стратегиялық функциялар бұрынғыша басымдық болып қала береді. Юлия Кучинскаяның ойынша, ендігі жерде Парламенттің өкілеттік шеңбері кеңейе түспек. Мысалы, ол қандай да бір министр өз міндетін дұрыс орындамаған жағдайда қызметінен босату тәртібін иеленуі мүмкін. Сондай-ақ, Конституциядан Президентке заңдық күші бар Жарлық шығаруға мүмкіндік беретін, сонымен берге, Парламенттің Президентке заңнамалық өкілеттіктер құқын беру нормаларын алып тастау ұсынылып отыр. Премьер-Министрді тағайындаудың қазіргі тәртібін сақтап қалуды, бірақ Үкімет мүшелерінің қызметінен босатылу үдерісіне Мәжілісті де қосу ұсынылмақ.
Өз кезегінде Үкіметке мынандай Президент өкілеттіктерін тапсыру ұсынылады: мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық органдар үшін жұмыскерлердің еңбекақысын қаржыландырудың бірыңғай жүйесін, Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру, тарату және қайта құруды, олардың жетекшілерін қызметке тағайындау мен босатуды бекіту; Премьер-Министр тек Президентке ғана емес, Мәжіліске де Үкіметтің басты жұмыс бағыты мен оның барлық маңызды шешімдері туралы баяндап отыруы керек. Осылайша Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі анықталатын болады.
Жиында «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев конституциялық реформаның жалпы нәтижесіне ықтимал жорамалын жасады. Бұлар – Президенттің елдің саяси жүйесіндегі негізгі тетіктерінің ықпалын сақтауы, Парламенттің қазіргі мәртебесін алда иеленетін жаңа мүмкіндіктермен Үкіметке ықпал жасау үшін сақтауы, Үкіметтің ұйымдастырушылық-кадрлық мәселедегі өкілеттігін кеңейту, мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу мен орындаудағы Үкіметтің жауапкершілігін арттыра түсу.
Дөңгелек үстел жұмысына Г.Баймаханова, С.Сейдуманов, И.Смирнова секілді Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Б.Бектұрғанова, Р.Жақыпов Л.Каратаева, Ю.Булуктаев, М.Казначеев, Э.Полетаев, Д.Сәкенұлы, А.Нұрша, М.Шибұтов сынды саясаттанушылар, әртүрлі қоғамдық және саяси ұйымдардың өкілдері, заң, саясаттану саласының ғалымдары, экономистер қатысты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ