Солтүстiк Қазақстан облысына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед келдi. Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкiмi Ерiк Сұлтановпен бiрге өңiрдегi еңбек ұжымдарымен бiрқатар кездесулер өткiздi, сондай-ақ партия активiнiң алдында жасалатын жұмыстардың басым бағыттарын белгiлеп бердi. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасары ең алдымен Қызылжар ауданындағы «Радуга» серiктестiгiне барды.
Кәсiпорында қазiр 4 цех жұмыс iстеп тұр. Өндiрiс ошағы пластмассадан шелек, леген, себет пен түрлi ыдыс-аяқтарды жасайды. Жалпы өнiмнiң 280-нен астам түрi өндiрiледi. Кәсiпорынның айлық табысы 80 млн теңгенiң маңайында. Жалпы, Елбасы Жолдауындағы бәсекеге қабiлеттi экспорттық өндiрiстi дамытуды көздейтiн индустрияландыру мұнда жақсы жолға қойылған.
«Аудан орталығындағы шағын кәсiпорында 200-ге жуық өнiм шығарылады. Және ол Қазақстанда ғана емес, көршiлес Ресейге де саудаланады. Бәсекеге қабiлеттiлiк деген осы. Егер үлкен кәсiпорындар да дәл осындай жақсы технологиялық деңгейде дамитын болса, олар жаһандық жұмысты еркiн меңгере алатын болады. Елбасы жолдауының басты мақсаты да осы», – дедi Мұхтар Құл-Мұхаммед
Бұдан соң Мұхтар Құл-Мұхаммед «Радуга» серiктестiгiнiң Петропавл қаласында орналасқан цехтарында болды. Мұнда кәсiпорын құрғақ таңғы астар, жүгерi таяқшалары сынды өнiмдердi өндiредi.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедке кәсiпорын басшысы Дмитрий Шарапаев цехта қандай тың қондырғылардың жұмыс iстеп тұрғандығын баяндады. Бұл кәсiпорын озық елдердiң технологиясын пайдаланады.
«Кәсiпорын әрдайым жаңғыртудан өтiп тұрады. Қазiргi таңда тауар тапшылығы жоқ. Елбасы өз Жолдауында дамудың барлығы инновация деп дұрыс айтты. Себебi, тың технологиялар мен қондырғылар болмаса нарықтан орын табылмайды. Өнiмiңдi де ешкiм алмайды. Бүгiнде бiзде италиялық, испаниялық және қытайлық құрылғылар орнатылған. Тауардың 50-ден астам түрi өндiрiледi», – дедi Дмитрий Шарапаев.
Кейiн делегаттар «Богатырский продукт» ЖШС-не барды. Бұл жерде тәулiгiне 400 тонна тауар шығарылады. Сонымен қатар, зауыттың ұн өндiретiн диiрменi де бар. Әлi толық қуатына көше қоймаған кешен бүгiннiң өзiнде күнiне 150 тонна тауар шығаруға қауқарлы.
«Елбасы Жолдауына сәйкес бiз өндiрiстi жаңғыртудың 3-кезеңiне көштiк. Бүгiнде диiрмен кешенi 90 пайызға дайын. Алдағы уақытта бiз бидай сақтауға арналған қосымша сыйымдылықтарды, ұн, макарон сынды дайын өнiмдердi сақтайтын қойма салуды жоспарлап отырмыз. Тауарды тек ел аумағында ғана емес, сонымен қатар Ресей, Ауғанстан, Өзбекстан мемлекеттерiне экспорттаймыз», – дедi кәсiпорын директоры Анатолий Лукашов.
Кешен iшiн аралап, қондырғылармен жiтi танысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы айтқандай аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверiне айналуы керек екендiгiн атап өттi.
Жаңғыртудың алғашқы кезеңiнде кәсiпорындар ендi ғана ашылса, 2-кезеңiнде олар жаңа құрал-жабдықтар сатып алып, өндiрiс көлемiн ұлғайтты. Ендi 3-кезеңде технологиялық модернизация жүрiп жатыр», — дедi Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң соңғы аялдаған нысаны – «ЗИКСТО» АҚ. Өткен жылы кәсiпорын құны 6 млрд теңгеден асатын тауар шығарса, биыл бұл көрсеткiштi 17,5 млрд теңгеге жеткiзу көзделуде. Жалпы, жыл соңына дейiн мұнда 1500 вагон жасауды жоспарлап отыр.