Универсиада чемпионы Алдабергенова әлем кубогында тоғызыншы орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
10 ақпан күні фристайл-акробатика спортынан Кореяның Каннын қаласындағы Бугван Фёникс Паркта әлем кубогының кезеңі басталған болатын. Универсиада ойындары аяқтала салысымен әлем кубогына аттанған фристайл-акробатшыларымыз демалмай жарысқа қатысып кетті. Содан болар, бұл жолы Алдабергенова біз ойлаған биікті бағындыра алмады. Ол 69,61 ұпай жинап, жалпы есепте тоғызыншы орынға ие болды. Бұл сында үш бірдей Қытай спортшылары жеңіске жетті. Қалмұрзаева Ақмаржан 15-ші (57,71), Арапбаева Жібек 23-ші (37,12) және Ақжігіт Маржан 24-ші (32,76) орындардан көрінді.
Ерлер арасында Беларусь спортшысы жеңіске жетті. Қазақстандықтар арасынан Лим Дмитрий 17-ші (82,53), Бадрутдинов Ильдар 20-шы (80,32) және Бағлан Іңкәрбек 29-шы (57,64) орындарға жайғасты.