Ұлттық алтын қордағы асыл мұрамыз саналатын Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы Үлкен зал сахнасында қойылды. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Операның либреттосын Жібек пен Төлегеннің трагедиялық махаббаты туралы халықтың лиро-эпостық жырының желісімен көрнекті драматург әрі жазушы Ғабит Мүсірепов жазған. Әлеуметтік жағдайы әрқилы екі тайпа өкілінің трагедиялық махаббаты арқау болған жыр жолдарынан көшпелі қазақтың рухани өмірі, ойы мен арман-мұңы көрініс тапқан.
Қойылымның музыкалық жетекшісі және қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Қоюшы режиссері – Михаил Панджавидзе (Беларусь).