Түркіменстанда сағат 13:00 кезіндегі жағдай бойынша президент сайлауына қатысушылардың 74%-ы (2 миллион 406 мың 253 адам) дауыс берді. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігі хабарлады.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00 (08:00 Аст.) кезінде басталып, 19:00-ге дейін жалғасады. Сағат 09:00 кезіндегі жағдай бойынша сайлауға 25,5 пайыз адам қатысса, 11:00-де бұл көрсеткіш 51 пайызды (1 миллион 661 мың 342 адам) құрады.
Сайлауға Түркіменстанның қазіргі президенті Гурбаноғлы Бердімұхаммедов те қатысты. Сондай-ақ, оның ата-анасы Маликоғлы және Оғулабат Бердімұхаммедовтер, сондай-ақ, ұлы мен немересі Ашхабад қаласындағы Аннанияз Артық атындағы №68 мектептегі сайлау учаскесінде дауыс берді.
«Бүгін халқымыз үшін маңызды күн. Миллиондаған адам конституциялық құқығын пайдалана отырып, алдағы жеті жылда Түркіменстанға лайықты басшы болатын тұлғаға дауыс беріп жатыр», - деді Бердімұхаммедов.
Жергілікті БАҚ өкілдері өзге де кандидаттардың сайлауға қатысқанын хабарлады.
Айта кетейік, Түркіменстанның 2016 жылы 14 қыркүйекте қабылданған конституциясы бойынша президенттік қызмет уақыты бес жылдан жеті жылға созылған. Сонымен қатар, бұрынғыдай 70 жастан жоғары болмауы керек деген шектеу алынып тасталған болатын.