Венгрияның Дебрецен қаласындағы «Иштван Воскай» атындағы халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Қазақ боксшылары 1 алтын 1 күміс 2 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады vesti.kz.
Додаға әлемнің 20 елінен 160-қа жуық боксшы қатысты.
75 келіге дейінгі салмақта Ерік Әлжанов жарыс жеңімпазы атанды. 81 келіге дейінгі салмақта Шаймұрат Құсайнов күміс жүлдені жеңіп алды. Ал Азат Махметов (-52 келі) пен Илья Очкин (-69 келі) қола медальді қанағат тұтты. Бұл боксшылардың барлығы да былтыр Павлодарда өткен ел чемпионатында жеңіске жетіп, ұлттық құрама сапына іріктелініп алынған.
Биыл қазақстандық боксшыларды екі үлкен бәсеке күтіп тұр. Оның бірі – әлем чемпионаты болса, екіншісі – Азия біріншілігі. Азия чемпионаты 30 сәуір мен 7 мамыр аралығында Джакартада (Индонезия) өтсе, әлем чемпионаты 25 тамыз мен 3 қыркүйек аралығында Гамбургте (Германия) өтеді.