• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2017

Ас атасының алуан түрі шығарылады

225 рет
көрсетілді

Қарағандыда өндірістік қуаты тәулігіне 75 тоннаға дейін нан өнімдерін шығара алатын, елімізде теңдесі жоқ жаңа зауыт ашылды. Құрылысы небәрі 8 айдың ішінде аяқталған жаңа жоба кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында жүзеге асқан. Өнімін сыртқы нарыққа шығаратын жаңа нан зауытына Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалаларынан 3 млрд теңгеден астам инвестиция түрінде қаржы құйылған. – Біз бүгін Қарағанды облысын­да тағы бір жаңа зауыттың тұсауын кесіп тұрмыз. «Сарыарқа-Нан-Қара­­ған­­ды» ЖШС нан зауыты Қазақ­­стан­ның индустриялық-ин­но­­ва­ция­лық даму мемлекеттік бағ­­дар­л­а­масы негізінде салынды. Кәсіп­орын әлемдік барлық стан­дарт­­тарға сай, – деді «Сарыарқа-Нан» зауытының тұсауын кескен Қара­ға­н­ды облысы әкімінің бірінші орын­басары Асылбек Дүйсебаев. Зауыт құрылысына тек отан­дық құрылыс жабдықтары мен құрылғылық элементтер пайда­ла­нылған. Ал, барлық қондырғылар шет елден, яғни, Германия, Италия, Франция, Словения, Словакия сынды алдыңғы қатарлы еуропалық өндірушілердің құрылғыларымен жабдықталған. – Бұл зауытқа нан пісіруге ар­нал­ған ең озық үлгідегі жаңа тех­но­гиялар енгізілді. Ондағы қон­дыр­ғылар мен кешенді жұмыс­тар – қазақстандық өндірушілер мен әлемдік белгілі компаниялар серіктестігінің жемісті нәтижесі. Сіздер көріп тұрған ара-қатынас­тың алтын көпірі аталған сала бойынша ТМД көлеміндегі ең ірі инвестициялардың бірі болып табылады, – деді тұсаукесер рәсі­міне қатысқан словения­лық «Gostol» компаниясының бас дирек­торы Матьяж Компара. «Сарыарқа-Нан» бүгінгі таңда ТМД-дағы және Еуропа мен Азиядағы заманауи әрі жетекші нан зауыттарының бірі болып табылады. «Сарыарқа групп» бақылау кеңе­сінің төрағасы, кәсіпкер Ерлан Нығ­ма­тулин жобаға қатысқан бар­лық құ­ры­лыс­шылар, шетел­дік серік­тестер және кә­сіпорын ұжы­мын құттықтады. – Қарағандылық «Сарыарқа-Нан» зауытының ұжымында бел­гіленген стратегия, ұстанған ай­қын бағыт бар. Кімді үлгі тұтып, қайда талпынуды біледі. Мен осы жерде жиналған кәсіби ұжымның алдағы уақытта зор жетістіктерге қол жеткізетіндігіне ерекше сенім­дімін, оған барлық негіз бар. Біз мұнда инвестиция тартып қана қоймай, сонымен қатар, нан өндірі­сінің әлемдік озық үлгідегі тех­нологияларын қолдандық. Бар­лық ұжымның атынан елімізде инвестициялық қолайлы ахуал тудырып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз ал­ғысымды білдіремін, – деді ол. Зауыт Қарағанды мен жақын елді мекендердің 550-дей тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да жұмыс орны қарастырылған. Кәсіпорын қызметкерлеріне заман талабына сай санитарлық-тұрмыстық жағдай жасалған. Сондай-ақ, күндізгі және түнгі ауысымда жұмыскерлерді тегін тамақтандыру мен қызметтік автокөлік мәселесі жолға қойылған. Зауытта адам қолымен жасала­тын ауыр жұмыс жоқ. Барлық үдеріс механикалан­дырылған, ал нан пісіру жүйесі автоматтандырылған. Кондитерлік өндірістің бас технологы, аталмыш салада 40 жыл еңбек еткен Любовь Борисовна: «Бұл өндіріске келгенде, Қараған­дыда осындай қуатты зауыт салы­нып, онда қарағандылықтар жұ­мыс жасайтындығы үшін бойым­ды мақтаныш пен қуаныш қатар кернеді. Барлығы бастан-аяқ ой­лас­­тырылған, шынымен қам­қор­­лықты сезінесің. Жаңа техно­логия­лармен жұмыс істесек те, ескі рецептіні ұмытпаймыз. Қала тұрғындары дүкен сөрелеріндегі белгілі бір нан өнімдеріне үйреніп қалған. Десек те, алдағы уақытта тұтынушыларды басқа да жаңа нан өнімдерімен қуантатын боламыз», деп өз ойымен бөлісті. Зауыт өзінің жұмысын 45-тен аса нан өнімдерін шығарумен бас­тады. Мәселен, «Мраморный» деп аталатын жаңа нан өнімі бар. Бұдан әрі шығарылатын өнім ай сайын 3-4 түрмен толықтырылып отырады. Ал, өнімді тарату мақса­тында 65 арнайы автокөлік сатып алынған. Әлеуметтік қолдау шарасы аясында «Сарыарқа-Нан» зауыты­ның алғашқы өнімі Қарағанды қал­асындағы балалар үйіне жөнелтілді. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ