• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2017

«Кореяның Қазақстаннан үйренері көп»

242 рет
көрсетілді

Алматыда өткен қысқы Универсиадаға 54 елден 2 мыңнан астам спортшы, алыс-жақын шет елдерден мыңдаған жанкүйер келгені белгілі. Солардың арасында жерлестеріне қолдау көрсеткен оңтүстіккореялық Ким Санг Ук те бар. – Ким Санг мырза, алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. – Мен – Сеул қаласының тумасымын. Қазір уақытша Алматыда Кореяның кон­сул­дығында қызмет атқарамын. Сонымен қатар, кореялық «Коре ильбо» газетінің Ал­ма­тыдағы бөлімшесін бас­қарып отырмын. Зайыбым, қызым үшеу­міз Универсиада туралы газетімізге мақалалар жазып, суретке түсіріп, жарияладық. – Келер жылы қысқы Олимпиада сіздің елде өтеді. Осыған байланысты Сеулден Алматыға арнайы делегаттар келген болар? – Әрине, жерлестерім келіп, біраз тәжірибе жинақтап кетті. Ашылу салтанатынан жасалған театрландырылған көріністі тамашалады. Біздің елдің тарихы да әріде жатыр ғой. Сол жағынан олар көп ойланды. Мен Қазақстанның бірнеше қаласын аралағанымды, сіздер туралы білгендерімді айттым. Қонақжай халық екендеріңізді көрді. Қауіпсіздік шарасы, жанкүйерлердің стадионға қалай кіріп, қалай шығып жатқаны, спортшыларға қолдау білдіру үшін қосымша атрибуттардың таратылуы секілді ұсақ-түйек мәселелерді де қаперіне алған ұйымдастырушыларға біздің азаматтар тәнті болды. Тіпті, тазалық жағы да ескерілген. Мысал ретінде айтайын, қонақтар Кореядан келгенде Алматыда қалың қар жауып тұрған еді. Мұншама қарды тазалау проблема тудырады деп ойласа керек, жерлестерім таңертең көшеге шыққанда: «Ким Санг, кешегі қардың барлығы қайда кеткен?», деп таңданыстарын жасыра алмады. Мен көлік қозғалысына кедергі болмауы үшін тазалыққа жауап беретін адамдар түні бойы жұмыс істегенін айттым. Тізбектей берсем, осындай мысалдар көп. Бір сөзбен айтқанда, ұйымдастыру жағынан Кореяның Қазақстаннан үйренері көп. – Қар демекші, қыста ауа райының температурасы нөлден жоғары болатын Корея үшін келер жылы Олим­пиаданы өткізу қиынға соқпай ма? – Шыны керек, Қазақстан табиғи байлығы жағынан да, ауа райы тұр­ғы­сынан да проблемасы жоқ ел дер едім. Біз бұл жағынан мақтана алмаймыз. Бірақ қазір техника заманы емес пе? Жасанды қар деген болады. Егер қар жет­пей жатса, су құйсаң, оны екінші жағынан қар етіп шығаратын аппарат бар, соны пайдалануға болады. Бірақ, ол табиғи қарға жет­пейтіні тағы бар. Соған қарамастан, барлығы ой­да­ғыдай болады деп сенемін. – Соңғы кезде Корея спортшылары жазғы және қысқы Олим­пиа­даларда үнемі үздік ондық­тан кө­рінуде. Бүгінгі Универсиадада үздік үштікке кірді. Мұндай жетіс­тікке қалай жеттіңіздер? – Корея спорты қарқынды дамымаса да, өз деңгейінде деуге болады. Әсіресе, конькишілер мен шорт-трекшілерді ауыз толтырып айтуға болады. Қысқы Универсиадада осы екі спорт түрлерінен жерлестерім 11 алтын, 5 күміс және 5 қо­ла медаль еншіледі. Соның арқасында бей­ресми командалық есепте үшінші орын алдық. Шорт-тректен көптеген корей спортшысы мен бапкері өзге ел­дерде жүр. Ресейге Олимпиадада үш алтын алып берген Виктор Ан да уақы­тында біздің елдің атынан сынға түсіп, Олимпиада чемпионы болған. Сіздердің құрамаларыңызға да біздің елден бір қыз келді. – Спорт басшыларының шорт-тректен қыздар командасын кү­шейту үшін жасаған амалы болуы керек. – Әрине, оған таласым жоқ. Феде­­ра­цияларыңыздың мұндай қа­дамға баруының бірден-бір себебі – ха­лықаралық жарыстарда нәтиже көрсету. Сол арқылы бұл спортты халыққа кеңінен таныта алатынын түсініп отыр. Өкінішке қарай, Уни­версиадада Ким Енг А бесінші орын алып, биік тұғырдан көріне алмады. Ал командалық сайыста қыздарыңыз жарады. Азулы Жапония құрамасын артқа тастап, қола жүлдеге қол жеткізді. Бастамасы жаман емес. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ