Бұл – облыстағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған Мұғалжар ауданының орталығы, үстімен Алматы және Атырау, Маңғыстау бағыттарына темір жол және асфальт жол өтетін тоғыз жолдың торабына орналасқан болашағы зор қала. Кезінде осы өңірдегі Шилісай фосфорит және мұнай кеніштерін игеруге келген келімсектер өздерінің ежелгі отандарына қоныс аударғанда көп үйлер бос қалып, қаланың коммуникациялық жүйелері істен шығып, біраз қиындықтарды бастан кешкені де рас. Оның зардабы күні кешеге дейін тұрғындарға бірқатар тұрмыстық қолайсыздық тудырып, қандыағаштықтарды біраз әбігерге салған-ды. Соңғы жылдары ауданның экономикасы дамып, көптеген кәсіпорындар іске қосылды, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бюджет қоржыны толығып, бірқатар шаруаларды тындыруға қол жеткізілді. Соның айқын дәлелі ретінде Қандығаш қаласында жаңа жыл табалдырық аттар сәтте бірнеше әлеуметтік нысандардың пайдалануға беріліп, халықтың игілігіне қызмет ете бастағанын айтуға болады.
Қараусыз қалған үй қалпына келтірілді
Қандығаштың өзекті мәселесі – қараусыз қалған тұрғын үйлер болатын. Бір жылдары осындай күйге ұшыраған тұрғын үйлердің бірқатарын арзанға сатып алған пысықайлар орнына үйінді қалдырып бұзып әкетсе, бірқатарының төрт қабырғасы ғана қалып, қаңырап бос тұрған еді. Соңғы кездері осындай бірнеше тұрғын үйді күрделі жөндеп, баспана қиындығын көріп жүргендер үшін қолжетімді пәтер мәселесін шешудің ізі ашылған-ды. Бұған дейін қаланың “Жастық” шағын ауданандағы екі үй қайта жарақтандырылып, қалпына келтірілді. Енді 120 пәтерлі тағы бір тұрғын үй халықтың игілігіне айналды. Күні кеше қаланың көркін бұзып тұрған бұл үйді қандыағаштықтардың өздері де танымай қалды. Іші-сырты еурожөндеуден өткен тұрғын үй көздің жауын алатындай жұтынып тұр. Салтанатты сәтте сөз алған Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтов осы үйді күрделі жөндеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлуге облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдау көрсеткенін жеткізді. Бұл тұрғын үйді қалпына келтірген “Әлихан-Ойл-З” ЖШС — құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан кәсіпорын. Бұған дейін де Алға қаласында қараусыз қалған екі көп қабатты, Қандыағаш қаласындағы 60 пәтерлі тұрғын үйге, Қобда және Мәртөк аудандық ауруханаларына күрделі жөндеу жүргізген серіктестік осы үйді қалпына келтіру барысында 267 млн. теңге қаржы игеріпті. Құрылыс жұмыстарына жергілікті 250 адам тартылыпты.
Есік-терезелері пластиктен жасалған, балконына дейін терезе қондырылған, жертөлесі құрғақ, су, жылу және кәріз жүйелері жаңартылған тұрғын үйдің кемдігі жоқ. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, жаңа жылда тағы да осындай қараусыз қалған екі көп қабатты тұрғын үйді күрделі жөндеп, қалпына келтіру қолға алынбақшы екен. Сонда қалада баспанаға зәру біраз отбасының пәтер мәселесі шешімін таппақ.
Газ, су келіп тұр, жылу жақсарды
Қандыағаш қаласы жыл сайын қанатын кеңге жайып келеді. Кешегі үдере көшу кезінде қалаға келіп қалған ағайындар өсіп-өніп, тұрғындар саны көбейгелі жеке тұрғын үй салу да қарқын ала бастады. Қазір тұрғын үй проблемасын шешу мақсатында осында жаңадан екі шағын аудан бой көтеріп келеді. Уақыт талабы жеке тұрғын үйлерді де коммуникация жүргізілген жерлерге салу қажеттігін алға тартып отыр. Қазір “Болашақ” шағын ауданында салынатын 195 үйдің 95-інде, ал “Самал” шағын ауданында салынатын 500 үйдің 80-інде адамдар тұрып жатыр. Аудан әкімі сол күні осы шағын аудандарға тартылған су және газ құбырының тұсауын кесті. Осы инженерлік жүйелерді жүргізуге республикалық бюджеттен 200 млн. теңге бөлініп, толықтай игеріліпті. Қазір су және газ құбырлары көшелерге жүргізіліп болыпты. Газ бөлу стансасы да дайын тұр. Енді тұрғындар газ бен суды үйлеріне кіргізіп жатқан көрінеді.
Қаладағы кеңес дәуірінде де үлкен проблема болып келген жылумен қамту да оң шешімін таба бастапты. Бұл мәселені шешуге алғышарт жасаған “Коммунальщик” КМК қарасты орталық бу қазандығының іске қосылу салтанаты “сабақты ине сәтімен” дегендей болды. Бұрын қаланы үш бу қазандығы қамтамасыз ететін болса, соңғы жылдары оларды бөлектеп, кезең-кезеңімен жаңартуға қол жеткізіліпті. Бұрын екі бу қазандығы іске қосылса, енді үшінші бу қазандығы пайдалануға беріліп отыр.
Ол үшін аудандық бюджеттен 160 млн. теңге бөлініп, оған осындағы үш қондырғы жаңартылыпты. Жаңа технологиямен жұмыс істейтін бу қазандығының тетігін іске қосқан аудан әкімі енді жылу мәселесінде кідіріс болмайтынын жеткізді.
Жаңарған спорт мектебі, жарқын табыстар
Қуанышты сәт күрделі жөндеуден соң жаңарып, жасарып қалған спорт мектебінде жалғасын тапты. Кіреберіске керілген көк лента кесілгеннен кейін ішке енген аудан әкімі С.Шаңғұтовтың құрылыстың өте сапалы жүргізілгеніне көңілі толды. Мұғалжарлық спортшылар облыс аудандары арасында ұдайы алдан көрініп жүргенін тілге тиек етті. Шынында солай. Ауданда төрт халықаралық дәрежедегі спорт шебері, пауэрлифтингтен үш Азия чемпионы шығыпты, бокстан әлем чемпионы Галиб Жафаров та осы мектептің түлегі. Мұнда спорттың он төрт түрінен бір мыңнан астам жасөпірім жаттығады. Пауэрлифтинг, еркін күрес, самбо, дзюдо және басқа спорт түрлері жақсы дамыған. Мектепте он жеті жаттықтырушы жұмыс істейді. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша спорт мектебін күрделі жөндеуге 59 млн. теңге бөлініп, қыруар шаруа жасалыпты. Бұрын тамшы ағып берекені кетіретін мектеп ғимараты адам танымастай өзгерген. Мұғалжарлықтар алдағы олимпиада ойындарына кемінде бір спортшы жіберуге талпыныс жасап отырғанын да жасырмады. Қол добынан қала атын иемденген команда еліміздің суперлигасында ойнайтын көрінеді. 52 кило салмақ дәрежесінде пауэрлифтингтен Азия чемпионы атанып үлгерген 9 сынып оқушысы Жарқын Абдуллина болашағынан зор үміт күттіретін спортшы екенін аңғартты.
Сол күні кәсіпкер Әкімжан Есенамановтың “Алтын орман”супермаркетінің ашылуы болды. Азық-түліктің, тауарлардың он мыңнан астам түрі қойылған дүкен жанынан болашақта тағы да тұрмыстық қызмет көрсету нысандары ашылмақ. Дүкендегі азық-түлік пен тауар бағалары облыс орталығындағы бағадан анағұрлым арзан. Сондай-ақ, мұнда жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері де молынан қойылған.
Бір күнде бірнеше нысанның пайдалануға берілуіне куә болған қандыағаштықтардың ілгері күннен үміті мол. Жаңа жылды жарқын табыстармен қарсы алып отырған ауданның қазіргі аяқ алысы биыл да берекелі де мерекелі жолды жалғастыратынына сендіреді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.