Атырау облысында өткен жылы 284 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 15 тұрғын үй бар.
Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының инспекторлары бюджеттік тұрғын үй құрылыстарына бақылау жүргізіп отырады. Былтырдың өзінде 300-ге жуық нысан тексерілген екен, құрылыс материалдарының сапасы талапқа сай келмейтін 49 нысандағы кемшіліктерді жою жөнінде ескерту жасалыпты.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Омарқұловтың айтуынша, проблема негізінен бас мердігер, авторлық және техникалық қадағалау қызметкерлерінің жұмысқа салғырт қарауларынан болады екен. Мысалы, «Береке» шағын ауданындағы құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде құрылысшылардың өрескел қателік жібергені анықталып, 3 млн 500 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Өткен жылы басқарма қызметкерлері құзырлы органдармен бірлесіп, 26 нысанды тексеруге қатысыпты. Анықталған кемшіліктер бойынша құрылыс мекемелері мен жеке кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Айыппұлдың жалпы көлемі 8 738 520 теңге болды. Техникалық қадағалау жасаған үш сарапшыға аттестаттарының жарамдылығын тоқтату және айыппұл салу шаралары қолданылды», дейді А.Омарқұлов.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ