• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

«Сынақтың қандайына болса да дайынмын»

192 рет
көрсетілді

Дзюдо күресінде өзіндік қолтаңбасымен жарқырай көрінген балуанның бірі, Азия чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері, Азия ойындарының күміс медаль иегері Ислам Бозбаев екі жылдай үзілістен кейін ел құрамасына қайта оралды. Оралғанда да дарынды дзюдошы қанжығасы майланып, олжалы оралды. Ол Әзербайжан астанасында өткен Grand Slam турнирінде 90 кило салмақ дәрежесінде топ жарып, мұндай деңгейдегі доданың алтын жүлдесін ұтқан төртінші қазақстандық дзюдошы атанды. Кеше елге оралған балуанмен телефон арқылы тілдесудің сәті түскен еді. Төменде сол же­дел сұхбатты сіздердің назар­ла­рыңызға ұсынып отырмыз. – Ислам, жеңіс құтты болсын! Жалпы, құрама ко­мандаға оралуың да сенің жан­күйерлерің үшін қуанышты оқиға болып жатыр... – Рахмет! Тағдырдың жазуы шығар – қиын сынақты бас­тан өткердім. Осы кезде маған сенім білдіріп, қолдау көр­сет­кен жандардың бәріне, атап айтқанда жеке бапкерім Сер­гей Дмитриенкоға, Ұлт­тық құраманың жаттықтыру­шы­ларына және де құрамадағы достарыма, өзімнің жанкүйерлеріме мың мәрте алғыс айтқым келеді. Өткеннен сабақ алу – кім-кімге болса да аса пайдалы дүние деп ойлаймын... – Бакудегі «Үлкен дулыға» додасына оралсақ... Қай белдесу сен үшін, әсіресе қиынға соқты? – Шынымды айтсам, оңайы болмады. Голландиялық Ноэль Ван Те Эндпен арадағы екінші белдесудің аса тартысты өткенін айтуға болады. Әрине, мұндай турнирде финалдық белдесудің жауапкершілігі мол болатыны бар. Қарсыласым, татами иесі Мамедали Мехдиев мықты балуан­дардың бірі. Гран-при турнирлерінің бірнеше мәрте жүлдегері, 2016 жылы Еуропа кубогінің жеңімпазы болған. Міне, осы қарсыласымды екі вазаримен ұттым. – Алдағы жоспарың туралы айтып берсең... – Таяу күндері Шымкент қа­ласында болатын оқу-жаттығу жиынына барамыз. Одан кейін құрама командамен бірге Түр­кияға аттанамын. Ол елде 5 сәуір күні Гран-при сыны өтеді. Осы додада өзімді тағы да жақсы қырларымнан көрсетсем деймін. Шынын айтқанда, Бакудегі жеңіс мені қатты жігерлендірді. Өзіме деген сенімнің қайта орал­­ғанын сезіндім. Мен үшін сенімділік – өрге сүйрейтін, жеңіс­терге құлшындыратын керемет күш. – Құрама командадағы 90 кило салмақтағы орныңды сен жоқта күрескен балуандар оңай­лықпен бере салмайтын шығар? – Әлбетте. Мен жоқта бұл салмақта Сұңғат Зәкарияев пен Дәу­летхан Жақыпов өнер көр­сетті. Яғни, 90 кило салмақтағы бәсекелестік үшеуіміздің арамызда өрбитін шығар деп ойлаймын. Жалпы, мен сынақтың қан­дайына болса да дайынмын. Құрамадағы өзімнің орнымды ойып алып, мамыр айындағы Азия біріншілігінде, тамызда өтетін әлем чемпионатында күрессем деймін. – Дегеніңе жет! Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»